ӘДЕБИ ДОСТЫҚ КӨПІРІ
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның «Қара сөздері» Ташкентте өзбек тіліне жарық көрді
Ұлы Абай туралы Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрын-сонды заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» десе, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы - заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», - деп бағалаған.
Биылғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстан күнтізбесінде жаңа мереке күні пайда болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10-шы тамыз «Абай күні» болып бекітілді.
Осы айтулы күндерге орайластырылып, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» елімізде өзбек тіліне аударылып, Ташкент қаласындағы «Complex Print» баспасынан кітап болып жарыққа шықты. Бұған дейін де Ұлы ақынның кітаптары және Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы өзбек тілінде жарық көрген болатын.
Ұлы ақынның «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударған жазушы, аудармашы, профессор Қазақбай Юлдошев пен Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің стажері Тұрсынәлі Ахметов. Шебер аудармашылардың еңбектерінің арқасында Абай Құнанбайұлының ғибраттты, тәрбиелік мәні зор туындысы оқырманға жол тартты. Оның ғақлияларынан кез-келген адам көкейінде жүрген сұрақтарға жауап табары сөзсіз. Өйткені ұлы ойшылдың философиялық туындысында барлық тақырып қамтылған.
Бұл игі іс Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Сатыбалдының бастамасымен жүзеге асқан болып, Халықаралық Түркі академиясы да қолдау көрсеткен. Атаулы бастаманы жүзеге асыруда елшілік қызметкерлері Руслан Дүйсенов, Рашид Ошақбаев, Құрасбек Сәдібеков сынды азаматтар белсенділік танытты. Осындай мақтауға лайықты бастаманың нәтижесінде Абай шығармасын бауырлас өзбек халқы өз ана тілінде оқитын болды. Елдестірмек елшіден демекші, екі ел арасын жақын етуге жасыл көпір болған бұл азаматтардың еңбегі орасан зор.
Ежелден көрші, әрі туысқан өзбек пен қазақ халқының ақындары да ежелден достық пен ауызбіршілікті жырлап келген. Бүгінгі таңда да екі елдің достық қарым-қатынасының жоғары деңгейге көтерілуіне ұлттық әдебиет пен мәдениет салмақты үлес қосуда. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын тауып, басқа салалар сынды әдеби байланыстар да арта беретініне сенімдіміз.
Кітаптың ресми тұсаукесері, Қазақстан Елшілігі мен Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының бастамасы арқылы ақынның туған күнінде өткізілуі жоспарланған еді. Алайда қазіргі қалыптасқан келеңсіз пандемиялық жағдайға байланысты, елдегі карантиндік режимге орай іс-шараның өту мерзімі кейінге қалдырылды.
Айгүл ТЕШЕБАЕВА