Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» және «Ләйлі – Мәжнүн» дастандарын қазақ тіліне аударған ақын, аудармашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы осы жылдың 29-30 наурыз күндері Науаи қаласында өткен халықаралық «Мумтоз шеърият» әдебиет фестиваліне қатысты.
Осынау халықаралық шарада Несіпбек Айтұлына «Науаи қаласының құрметті азаматы» атағы беріліп, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды, сондай-ақ тиісті куәлікпен бірге бағалы сыйлықтар да табыс етілді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, ақын ағамыз фестиваль қатысушыларына «Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті» тақырыбында өз баяндамасын дайындап келген екен. Алайда фестиваль аясында көптеген шаралар жоспарланып, қатысушылардың уақыты тығыз болғаны үшін Науаиға арнап жазған керемет өлеңін оқумен шектелуіне тура келді. Дегенмен, халықаралық фестивальге қонақкәделік жасаған Науаи қаласынан елордамыз Ташкент қаласына қайтар шақта Несіпбек Айтұлы ағамызбен осы шарада айтпақ болған пікірлері жайлы сұхбат құрудың сәті түсті. Осы сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз.
– Сөз мүлкінің сұлтаны Әлішер Науаидың әдеби мұрасы, әсіресе, «Хамса» атты туындысы түркітілдес елдер үшін, соның ішінде қазақ халқы үшін несімен құнды деп ойлайсыз?
– Әлішер Науаидың бес дастаннан тұратын «Хамсасының» қанша ғасыр өтсе де ажары мен көркемдік әлемі еш солғын тартқан емес. Қайта уақыт өткен сайын жарқырап, жаңарып, құпия қырлары ашыла түскендей әсер етеді. Өзінен бұрын парсы тілінде «Хамсаның» алтын күмбезін тұрғызған Низами мен Дехлевиден соң әдебиет тарихында осындай ғажайып көркем ғимарат соққан бірден-бір шайыр – Әлішер Науаи. «Ескендір қорғаны» дастанының соңғы жағында:
«Бес кітап – бес қазына асыл маржан,
Көшеді ғасырларға ғасырлардан», –
деп өзінің мұраларының келешегіне нық сеніммен қарауы, мақтанышпен мәлімдеме жасауы әбден заңды. Әлішер Науаи «Хамсасының» түркітілдес халықтар үшін аса құнды әрі қадірлі болатынының басты себебі – оның түркі тілінде жазылуында. Мұны кемеңгердің өзі де терең сезінген. Сондықтан данышпан бабамыз:
«Жан-жаққа көз жіберіп жалтақтадым,
Түркіден мұндай асыл мен таппадым», –
дейді. Дастан Ескендірдің өмір-тарихының желісімен жазылған. Бұдан ақынның жан-жақты жетілген, Абай айтқандай, толық адам тәрбиелеу мұратына айрықша мән бергені көрінеді. Мынау әлемде қан төгіліп, мемлекеттер қырқысып жатқан заманда билік тізгінін ұстаған патшалар үшін «Ескендір қорғаны» дастанының мәні зор. Ақынның бұл шығармасы зұлымдықты түбінде парасат жеңетіндігінің айқын айғағы.
– «Хамса» жазу дәстүрі шығыс әдебиетіндегі ерекше құбылыс екені белгілі. Ал қазақ әдебиетінде де осындай дәстүрге деген талпыныс немесе осыған ұқсас құбылыс болды ма?
– Науаи шығармаларымен Абай жасынан таныс болған. Семейде Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген шәкірт шағында қазақтың болашақ ұлы ақыны шығыс шайырларын:
«Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу Һәммәси
Медет бер я шағири фәрияд», –
деп дәріптеген.
Абайдың шығыс ұлыларына бұлай сыйынуы тегіннен-тегін емес. Демек шығыс ақындарын Абай заманында қазақ даласы өте жақсы білген деген сөз.
Шығыстың ұлы шайырларының бәрі «Хамсаны» жарыса жазғаны өздеріңізге мәлім. Мысалы, Низамидің «Жеті сұлу» дастанының «Турандот ханшасы» деген саласын неміс ақыны Гете жырласа, Орта Азияға кең тараған «Ләйлі – Мәжнүн», «Хұсрау – Шырын» дастанын 1383 жылы Сарай Беркедегі қыпшақ ақыны Құтып толғаса, Низами сюжеттерінің негізінде Хұсрау, Науаи, Жамилер қайта жырлаған. Низами бұл сюжеттерді шығыс ертегілерінен алған. Бұл әдісті Абай да, Шәкәрім де пайдаланған. Абайдың атақты «Ескендір» поэмасы Науаи әсерімен жазылған. Шәкәрім де «Ләйлі – Мәжнүнді» қайта жырлағанда Әлішер Науаи «Хамсасынан» мол сусындағаны көрініп тұр.
– Әлішер Науаи шығармаларын қазақ тіліне аударма жасаумен айналысқаныңызға қанша уақыт болды? Сізге дейін осы жұмыспен айналысқан аға буын өкілдері де болды ма?
– Бұрынғы кезеңде қазақ даласы Науаи шығармаларымен араб әліпбиінде көне өзбек, яғни шағатай тілінде шыққан кітаптар арқылы таныс болғанын жоғарыда айттық. Қазақ жазуы кириллицаға көшкеннен кейін жас ұрпаққа көне кітаптарды оқу мүмкін болмай қалды.
Әлішер Науаидың «Хамсасына» енген шығармалардың бірі – «Фархад – Шырын» дастанының Қалмақан Әбдіқадыров пен Асқар Тоқмағамбетов қысқартып аударған нұсқасы 1949 жылы жарық көрген. Одан кейін жекелеген ғазалдарын Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиев қатарлы ақындардың қазақша сөйлеткенін айта кеткеніміз жөн. Жалпы кез келген қаламгер аудармаға тәуекел етіп бара беруге болмайды. Қазақта «Өзің көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген мәтел бар. Тәржімашы классиктерді аударғанда, түпнұсқа авторымен іштей творчестволық жарысқа түсуі қажет. Демек, ақындық қуатыңа қарау керек. Әйтпесе, бар еңбегің құмға құйған сумен тең болады.
Менің Науаидың «Хамсасын» тәржімалаумен айналысқаныма 40 жыл болды. «Ескендір қорғаны» 1989 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген еді. 2008 жылы қайта басылып шықты. 2019 жылы «Ләйлі – Мәжнүн» дастанымен қосылып «Хамса» деген атпен тағы да шықты. Оған дейін 1991 жылы бір топ ғазалдары менің аудармамда «Бақо Гули» деген жинақта жарық көрген еді. Қазір «Хамсаның» үшінші дастаны «Фархад-Шырынды» аяқтау үстіндемін. Енді, қалған басқа дастандарын тәржімалауды да бастадым. Осы ғұмырымда ұлы шайырдың «Хамсасын» түгел аударып, оның қасиетті рухының алдына есеп беріп кетсем арманым жоқ!
Арғы-бергі қазақ әдебиеті тарихында поэзия аудармасының классикалық үлгісін жасаған ақын Абай ғана. «Хамсаны» аудару барысында мен Абайды адастырмас «Темірқазық» жұлдызы еттім.
– Әлішер Науаи әдеби мұрасының түркі халықтарының рухани әлемінде алатын орнына қандай баға бересіз?
– Әлішер Науаи шығармалары – түркі халықтарының рухани алтын діңгегі. Оның рухани әлемінің көкжиегі ашылған сайын Абай әлемінің рухани кеңістігінің керегесі кеңейе түседі. Біз Абай ақынның кемеңгерлік қырларынан Науаидың шеберлік шыңдарынан әсер алған ғажайып нұрларын байқаймыз. Адам баласының тыныс-тіршілігін ұлы соғыстардың тас-талқан ететінін, өмір мұраты бейбітшілікте екендігін Науаи өз шығармаларында қалай дәріптесе, Абай да «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» ұлы гуманизмге шақырады. Абайдың ұлылығы, Науаи данышпандығының заңды жалғасы. Яғни, Абай өзінен бес ғасыр бұрын өмір сүрген Науаидың тікелей шәкірті. Ал Науаи өзінің «Хамсасын» аяқтағанда, ұстаздары туралы былай деп толғанады:
«Тұрғанда төзімімді тауысқалы,
Жар салып періштелер дауыстады:
Алдансаң, адастырар жалған үміт,
Алдымен Жәмиге бар жалбарынып.
Жол табу қысылғанда қиын саған,
Табынып, Тәңірідей сыйын соған!
Дұға қыл, мешахатың ұмыт қалар,
Киесі құпияға кілт табар!
Түркі еді Хисрау да – жыр тірегі,
Үндіде лақап атпен дүркіреді.
Тәмамдап апарғанда «Хамсаны» мен,
Құптады разы болып жан-тәнімен.
Таратып айтып шықтым тапқанымды,
Қойнауы қазынамның ақтарылды.
Асықпай, ілтипатпен парақтады,
Мұқият әр сөзіне қарап тағы.
Оқыды күндіз-түні шөлі қанбай,
Бола ма бас-аяғын шолып алмай.
Төгілді жыр тасқыны тартып арна,
Мұхиттай түркі сөзі таусылар ма?»
Міне, Әлішер Науаиды түркі халықтарының алтын діңгегі дейтініміз де осыдан. Науаи – түркі әлемін біріктіруші.
– Әдеби байланыстардың, жалпы әдебиет атты көркем дүниенің түркітілдес елдердің, соның ішінде өзбек пен қазақ халықтарының ынтымақ-бірлігін тереңдетудегі маңызы жайлы не айтасыз?
– Түркі халықтарының тағдыры ортақ. Біз бірікпесек, бір-бірімізді қолдамасақ болмайды. Бауырлас халықтар тату болуымыз керек. Сондықтан туысқан түркітілдес халықтардың әдебиетін насихаттау керек. Менің баяғыда бір ойым болған, бұл туралы мақала да жазғанмын. Сол мақалада түркітілдес халықтарға ортақ мектеп оқулығын шығару керек екенін айтқанмын. Ондай кітап әзербайжанда да, түрікте де, қырғызда да, өзбекте де, қазақта да, түрікмен де оқытылуы керек. Сонда оны оқыған балалар бір-бірінің туысқан екенін кішкентай кезінен біліп өседі. Науаи мен Абай сияқты ұлы әдеби тұлғаларды тереңірек біледі. Әрине, барлық оқулықты олай жасауға болмайды. Алайда түркі халықтарының қысқаша ортақ әдебиеті, тарихы деген сияқты оқулықтар болуы керек. Біздің туысқан екенімізді, бауырлас екенімізді балалар мектептен білуі керек. Осыны жасайтын кез келді.
Қазақ оқушысы Науаи мен Машрабты, өзбек оқушысы Абай мен Шәкәрімді, ал Мақтымқұлыны барлық балалар біліп отыратын әдемі оқулық жасауға болады ғой. Сосын оны туысқан түркі тілдерінде басып шығару керек. Бұл қиын жұмыс емес, тек ізгі ниет болса жеткілікті. Бізді әдебиеттер байланысы біріктірмесе, тарих пен руханият біріктірмесе, жай жүріп біріге алмаймыз. Ол үшін осындай оқулықтар керек.
Осы тұрғыдан әдебиеттеріміздегі ұлы тұлғалардың орны ерекше. Науаи мен Абайдың әдеби мұрасы өзбек пен қазақ халқының ортақ қазынасы, қала берді бүкіл түркі әлемінің рухани байлығы!
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан Тұрсынәлі АХМЕТОВ,
Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы.