Дағыстандағы су тасқыны: мыңнан астам тұрғын үйді су басты
Дағыстан Республикасы аумағында 6 муниципалитетке қарайтын 8 елді мекенде 1339 тұрғын үй, 1664 бау-бақша және 90 жол учаскесі су астында қалды. Бұл туралы Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Қазіргі уақытта 16 аумақта орналасқан уақытша орналастыру орталықтарында 591 адам, оның ішінде 246 бала бар. Құтқарушылар үйлерді біртіндеп тексеріп, тұрғындарға баспаналарын тазалауға көмектесуде, сондай-ақ азық-түлік пен ауызсу жеткізуде. Еріктілер де зардап шеккендерге қолдау көрсетіп жатыр.
Михаил Мишустин ел президентінің тапсырмасына сәйкес Дағыстандағы су тасқынының салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрған. Комиссияны азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрі Александр Куренков басқарады.
Мемлекет басшысы Владимир Путин осы мәселеге байланысты арнайы жиын өткізіп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету және өңірді қолдау мақсатында жауапты тұлғаларға тапсырма берген.