Бұхарада халықаралық көкпар турнирі өтеді
Бұхара өңірі тағы бір мәрте дүбірлі додаға куә болмақ. Бұхара облысының Бұхара ауданында орналасқан Ұлттық гвардияның «Шабандоздар мектебі» алаңында 27–29 наурыз күндері халықаралық көкпар турнирі өтеді.
Даланың төсін дүбірге бөлейтін бұл сайыс Өзбекстан Спорт министрлігі, Ұлттық гвардия, елдің көкпар федерациясы және серіктес ұйымдардың қолдауымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы бәсекеге Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай елдерінен келген сайдың тасындай іріктелген командалар, сондай-ақ Өзбекстан намысын қорғайтын екі команда қатысады.
Ат тұяғының дүбірі мен шабандоздардың серкені іліп әкеткен сәттегі қайсарлық пен қайтпас рухы – бәрі де осы алаңда тоғысады.
Айта кету керек, бұл халықаралық турнир соңғы жылдары дәстүрлі сипат алып келеді. Ол 2022 және 2023 жылдары Сұрхандария облысында, 2024 жылы Ферғана өңірінде, 2025 жылы Наманган облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жанкүйерлердің зор ықыласына бөленген болатын.
Бұхарадағы биылғы дода да сол дәстүрді жалғап, дала рухын асқақтатып, көкпардың шынайы келбетін тағы бір мәрте паш етпек.