Бразилияда екі тікұшақ соқтығысып, танымал әнші Оливер Три қаза тапты
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында екі тікұшақтың әуеде соқтығысуы салдарынан алты адам көз жұмды. Қаза болғандардың арасында америкалық әнші Оливер Три де бар екені хабарлануда. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың жеке басын ресми түрде анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайғылы оқиға 14 маусым күні Рио-де-Жанейро қаласының Рекрейу-дус-Бандейрантис ауданында болған. Жергілікті құтқару қызметінің мәліметінше, екі тікұшақ әуеде соқтығысып, кейін жерге құлаған.
Тікұшақтардың бірінде бес адам, екіншісінде ұшқыш болған. Апат салдарынан олардың барлығы қаза тапты.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, құрбандар қатарында 32 жастағы америкалық әнші әрі ән авторы Оливер Три де болған. Ол Бразилияға әлемдік гастрольдік сапары аясында келген.
Қаза тапқандар арасында бразилиялық музыка продюсері, аргентиналық бейнережиссер және «Гаспи» лақап атымен танымал ютубер Гаспар Прим де бар екені айтылған.
Соқтығысудан кейін тікұшақтардың бірі электрлі көліктер тұрған автотұраққа құлап, өрт шыққан. Салдарынан жиырмаға жуық автокөлік жанып кеткен.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары мен құтқарушылар апаттың себептерін анықтап жатыр. Тергеу аясында техникалық ақау, адами фактор немесе әуе қозғалысын үйлестірудегі қателіктер нұсқалары қарастырылған.
Ресми мәліметке сәйкес, мәйіттердің қатты күйіп кетуіне байланысты оларды бірден тану мүмкін болмаған. Сол себепті қосымша сараптамалар жүргізілуде.
Айта кетейік, Оливер Три соңғы жылдары халықаралық деңгейде танылған орындаушылардың бірі саналды. Оның «Life Goes On», «Miss You» және «Alien Boy» әндері әлем бойынша кеңінен танымал болып, ай сайын әнші миллиондаған тыңдарман жинап келген.