Бейжіңде VII Дүниежүзілік медиа саммиті басталды
Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында VII Дүниежүзілік медиа саммиті өз жұмысын бастады. «Интеллектуалды дәуірдегі медиа: ортақ ұстанымнан нақты іс-қимылға» атты тақырыпта ұйымдастырылған беделді халықаралық жиынға әлемнің 112 елі мен аймағынан 330-ға жуық бұқаралық ақпарат құралдары, талдау орталықары, мемлекеттік мекеме мен ақпарат агентіктердің 500-ге жуық өкілі қатысып жатыр.
Қытайдың «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігі мен Бейжің қалалық халық үкіметінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтіп жатқан алқалы басқосуда қазіргі журналистиканың даму мүмкіндіктері, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, жаһандық қауіпсіздік жағдайында медиа диалогты дамыту және халықаралық ақпарат агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқылануда.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігі вице-президенті Хо Сяогуан жасанды интеллект қоғам өмірін, өндіріс үдерістерін және білім қалыптастыру тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына кең мүмкіндіктер ашумен қатар, бірқатар түйткілді де туындатып отыр. Сондай-ақ, ол бірлескен журналистік жобалар мен жаңа технологиялар арқылы түрлі өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңызын атап көрсетті.
Саммит аясында өткен «Интеллектуалды медианы дамыту» шарасында да ақпарат агенттіктерінің басшылары қазіргі медиа кеңістіктегі өзгерістер мен халықаралық ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.
Атап айтқанда, Индонезияның «ANTARA» ақпарат агенттігінің басшысы Абдул Хаким өз сөзінде ақпарат агенттіктері арасындағы серіктестікті үш басым бағыт бойынша дамыту жөнінде ұсыныс білдірді.
Оның айтуынша, жасанды интеллект түрлі тілдердегі материалдарды аудару, ауқымды деректерді талдау және жаңалықтарды әлемдік аудиторияға жедел жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Алайда жалған ақпарат, өңделген суреттер мен жасанды жолмен жасалған материалдар шынайы оқиғаларды жалған мәліметтерден ажыратуды қиындата түсуде.
Саммитте Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің бас директоры Абдусаид Кучимов «Жаһандық қауіпсіздік сын-қатерлері жағдайындағы медиа диалог және ынтымақтастық арқылы даму» тақырыбында баяндама жасады.

ӨзА басшысы бүгінгі күрделі халықаралық ахуалда бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, геосаяси қайшылықтар, өңірлік қақтығыстар, климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық және киберқауіпсіздікке төнген қатерлер жағдайында журналистика тек оқиғаларды хабарлап қана қоймай, қоғамдағы сенімді нығайтуға, халықтар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етуге және бейбітшілікке ықпал етуге тиіс.
– Ақпарат адамдардың арасына қабырға емес, көпір салуы керек, – деді А.Кучимов. – Медиа кеңістік қайшылықтарды ушықтыратын емес, түрлі көзқарастарды тыңдауға, өзара құрмет пен диалог мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретін орта болуы қажет.

Агенттік басшысы Өзбекстанда Президент Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформаларға, сондай-ақ ашықтық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген сыртқы саясатқа да тоқталды. Әсіресе, Орталық Азияда өзара сенім мен өңірлік ынтымақтастықтың нығаюы диалог арқылы ортақ мүдделерге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Конференцияда Корея Орталық ақпарат агенттігінің вице-президенті Пак Кванчхол, Қазақстанның «Qazcontent» АҚ бас директоры Әділ Сейфуллин, Алжирдің «The Youth Independent» газетінің бас редакторы Камел Мансари, Ресейдің «Известия» газетінің бас редакторы Сергей Коротеев және басқа да халықаралық медиа өкілдері баяндама жасады.

Жиын аясында жасанды интеллект негізінде жасалған бионикалық гуманоид робот-жүргізушілердің таныстырылуы, сондай-ақ мобильді журналистика мен медиа контенттің шынайылығын тексеруге бағытталған зерттеу бастамасының ұсынылуы да назар аудартады.
Бұл технологиялық жаңалықтар жасанды интеллекттің журналистика саласына қарқынды еніп келе жатқанын, сонымен бірге ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету мен редакциялардың жауапкершілігін арттыру мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түскенін көрсетеді.

Дүниежүзілік медиа саммиті 2009 жылы құрылған. Содан бері ол халықаралық ақпарат кеңістігінде кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңдардың біріне айналды.
Айта кетейік, атаулы саммит 9 қарашаға дейін жалғасады.
ӨзА