Беларусь Арменияға ресми нота жолдады
Беларусь пен Армения арасындағы қатынастар шиеленісе түсті. Армения парламенті спикерінің мәлімдемесінен кейін Минск Ереванға наразылық білдірді.
Арменияның Беларусьтегі уақытша сенімді өкілі Артур Саргсян Минскіде Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған Ереванның «достыққа жат әрекеттеріне» байланысты қатаң наразылық нотасы табысталды.
Бұл шиеленіске Армения парламенті спикері Ален Симонянның мәлімдемесі себеп болды. Ол өз сөзінде Арменияның тәуелсіздігін қорғау туралы айта келе, ел «губернияға айналмауы, Беларусь секілді басқарылмауы тиіс» екенін атап өткен. Бұл салыстыруға Беларусь тарапы қатты қарсылық білдірді.
Беларусь Сыртқы істер министрлігі Ереваннан айтылған бұл пікірді ішкі саяси мәселелерден халықтың назарын бұруға бағытталған «арзан популизм» деп бағалады. Ресми Минск Беларусь егемен мемлекет ретінде Ресеймен одақтастық қатынасты дербес таңдағанын және бұл стратегиялық әріптестікті мақтан тұтатынын атап өтті.
– Ешкімнің бізге ақыл айтуына жол бермейміз, – деп мәлімдеді Беларусь сыртқы саясат ведомствосы. – Минскті ішкі саяси дауларға тарту әрекеті дипломатиялық әдеп нормаларын өрескел бұзу болып табылады.