Әзербайжан – Өзбекстан парламентаралық форумында Баку декларациясы қабылданды
Әзербайжан астанасы Баку қаласында Екінші Әзербайжан – Өзбекстан парламентаралық форумы өтті. Оған екі ел парламенттерінің мүшелері, тиісті комитеттер мен комиссиялардың төрағалары, өңірлік кеңестердің депутаттары қатысты.
Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафарова мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева екі елді бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, мемлекеттілікті нығайту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы ұстанымдары ортақ екенін атап өтті.

Халықтарымыз арасындағы жан-жақты байланыстарды дамыту мәселесі екі ел басшыларының тұрақты назарында екені, ал Одақтастық қатынастар туралы шарттың жасалуы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергені айтылды.

Форум аясында үш панельдік сессия өтті. Бірінші сессияда парламент мүшелері Жоғары мемлекетаралық кеңес шешімдерінің орындалуына қолдау көрсету мәселесін талқылады. Келісімдердің орындалуын бірлесіп бағалау, олардың нәтижелерін саралау және іске асыру барысында кездесетін кемшіліктерді анықтау қажеттігіне назар аударылды. Бұл заңнамаға қажетті түзетулер енгізуге және жауапты мекемелер алдына нақты міндеттер қоюға мүмкіндік береді.
Екінші сессия салалық комитеттердің қай бағыттарда жұмыс жүргізуі қажеттігін айқындауға арналды. Мемлекет басшыларының 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу міндетін қойған. Бұл, ең алдымен, фермерлер үшін бауырлас ел нарығына шығуға жол ашады. Осыған байланысты әр жарты жыл сайын кәсіпкерлермен кездесіп, өнім жеткізуге кедергі келтіретін мәселелерді талқылау, жұмысты ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды үйлестіруден бастау ұсынылды.

Үшінші сессия халықтарымыз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға арналды. Өңірлерде мәдениет күндерін өткізу және Ұлы Жібек жолы бойындағы ортақ туристік бағыттарды дамыту арқылы әр халықтың бауырлас елдің мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануына мүмкіндік жасау қажеттігі айтылды.
Панельдік сессиялар аяқталған соң форум қорытындыланды.
Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафарова екі ел делегацияларының бірлескен бастамалары, депутаттар мен тиісті комитеттердің атқарып жатқан жұмысы заң шығару саласындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева Мемлекет басшылары негізін қалаған одақтастық қатынастар халық оның нақты нәтижесін күнделікті өмірінде сезінгенде одан әрі нығая түсетінін атап өтті.
– Хиуада біз осы диалог алаңына негіз қалаған едік. Ал Бакуде алдағы екі жылға арналған жұмыс бағыттарын айқындадық. Парламенттеріміз мәңгілік достық пен одақтастық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ Президенттер қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыруға дайын екенін тағы да растады, – деді Танзила Нарбаева.

Осылайша, Баку форумында екі маңызды құжат – Баку декларациясы қабылданып, 2027–2028 жылдарға арналған «Жол картасына» қол қойылды.
Хиуа декларациясының заңды жалғасы саналатын бұл құжаттар алдағы екі жылда екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды. Атап айтқанда, өңірлерде жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, кәсіпкерлердің бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастардың білім алуына және тәжірибе алмасуына жол ашуға ықпал етеді.