«Узбекфильм» туындысы Айдынлар» фильмі 12-15 ақпан аралығында Ватиканда өткен XVI «Mirabile Dictu» кинофестивалінде «Үздік фильм» атанды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 2000-нан астам фильмнің ішінен Өзбекстан телерадиокомпаниясының «O‘zbektelefilm» мемлекеттік студиясы түсірген «Айдынлар» көркем фильмі «Үздік фильм» номинациясында жеңімпаз атанды.
Фильмнің сценарий авторы – белгілі жазушы, тәжірибелі шығармашылық иесі Назар Ешонқұл.
Көркем туындының режиссерлері – Музаффархон Еркинов пен Музаффар Қорабаев.

Сондай-ақ, фильмнің түсірілім тобы: бас оператор – Равшан Мирзакамолов, композитор – Муинзода, бас суретші – Қахрамон Маткаримов, продюсер – Анвархон Арифханов.
Фильмде басты рөлдерді Арман Бараков, Гүлжаһан Палванниязова және Хайитали Низомиддинов сынды талантты актерлар сомдады.
Айта кету керек, «Айдынлар» фильмі 2021 жылы Болгарияның Кино, Телевидение және Интернет Коммуникация Академиясы ұйымдастырған IX халықаралық кино-теле фестивалінде Гран-приге ие болған еді.
Фильмде шетелде білім алып, туған жеріне оралған қарақалпақ жігітінің Мойнақта махаббатын кездестіріп, елдегі жаңғыру мен өзгерістерге куә болуы туралы оқиға баяндалады.