Ауғанстандағы әскери базада жарылыс болды
Жексенбі күні түстен кейін Парван уәлаятының Бағрам ауданындағы әскери базаның қақпасы маңында жарылыс болды.
– Жергілікті дереккөздер оқиғаның «Си Дукан» деген атаумен белгілі әуе айлағының алдында болғанын растады, – делінген «Джумхур» ақпарат агенттігінің хабарламасында.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыс нысанның шығыс қақпасы маңында орын алған, басқа мәліметтер әзірге жарияланбаған.
«Си Дукан» аталған әскери кешеннің негізгі қақпаларының бірі саналады, көліктердің басым бөлігі осы бақылау бекеті арқылы өтеді.
Әскери нысан аумағына байланысты шектеулерге орай оқиға туралы толық ақпарат берілмеген.
Ақпаратта жарылыстың АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бағрам авиабазасын америкалықтардың қайтадан қайтарып алуы немесе басып алуы мүмкін деген ескерту мәлімдемесінен кейін орын алғаны атап өтілген.