АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісімге келді
АҚШ пен Иран екі апта мерзімге атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бұл жөнінде президент Дональд Трамп ресми мәлімдеме жасады.
Аталған дипломатиялық келісім аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуге, әскери қақтығыстар ауқымын шектеуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Құжатқа сәйкес, Иран бейбіт кезеңде стратегиялық маңызы зор Хормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алды. АҚШ тарапы бұл дәліздің ашық әрі қауіпсіз болуы келісімнің басты шарты екенін атап өтті. Сонымен қатар, Америка әскери күштері Ислам Республикасына қарсы соққыларын уақытша тоқтатты, ал Израиль де келіссөздер жалғасып жатқан уақытта шабуылдарды шектеуге келісім берді.
Үдерістің келесі кезеңіне Пәкістан делдалдық жасайды. Ел Премьер-министрінің бастамасымен жақын күндері Исламабад қаласында АҚШ пен Иран делегацияларының қатысуымен келіссөздер өткізу жоспарланып отыр. Трамп Тегеран ұсынған 10 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын диалогтың негізі ретінде бағалаған.