Apple әлемдегі ең қымбат компания атанды
Apple нарықтық капитализация көлемі бойынша Nvidia компаниясын басып озып, қайтадан әлемдегі ең қымбат жария компания атанды.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, 17 шілде күні Nvidia акциялары 3,7 пайызға арзандап, компанияның нарықтық құны 4,8 триллион долларға дейін төмендеді. Ал Apple акциялары 0,4 пайызға қымбаттап, оның капитализациясы 4,9 триллион долларға жетті.
Nvidia 2025 жылдың мамыр айынан бері қор нарығындағы ең қымбат компаниялар көшін бастап келген еді. Өткен қазанда оның нарықтық құны алғаш рет 5 триллион долларға жеткен болатын.
Reuters агенттігінің мәліметінше, көшбасшының ауысуы инвесторлардың назарын тек жасанды интеллект саласындағы негізгі ойыншыларға ғана емес, басқа технологиялық алпауыттарға да аудара бастағанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, Apple бұрын жасанды интеллект модельдерін дамытуға аз қаржы бөлгендіктен бұл бағытта кейін қалып келеді деп саналған. Алайда қазір нарықтағы жағдай өзгерген.