Африка Ұлттар кубогының алтын жүлдесі Мароккоға берілді
Африка Ұлттар кубогының финалында Мароккоға қарсы өткен ойында Сенегал ұлттық құрамасына техникалық жеңіліс тіркелді. Африка футбол конфедерациясы финалдық кездесу бойынша даулы әрі шулы шешімін жариялады.
Қабылданған шешімге сәйкес, Марокко ресми түрде құрлық чемпионы деп танылды.
Еске сала кетейік, финалдық матчтың 90+9-минутында төреші Марокко пайдасына пенальти белгілегеннен кейін, Сенегал футболшылары наразылық ретінде алаңды тастап кеткен еді. Араға шамамен 15 минут салып, Садио Мане бастаған команда қайта алаңға оралды. Белгіленген пенальтиді қақпашы Эдуар Менди қайтарып үлгерді. Қосымша уақытта Папе Гуйе гол соғып, Сенегалды жеңіске жеткізген болатын.
Алайда матчтан кейін Марокко тарапы Сенегал ойыншыларының алаңды өз бетінше тастап кеткеніне байланысты ресми шағым түсірді. 17 наурыз күні өткен арнайы комиссия отырысында бұл жағдай турнир регламентінің 84-бабына қайшы деп танылды.
Осылайша, алаңдағы нәтиже Сенегалдың пайдасына аяқталғанына қарамастан, ереже бұзылғаны үшін жеңіс Мароккоға берілді. Нәтижесінде, Марокко өз тарихындағы кезекті Африка Ұлттар кубогының алтын жүлдесіне қол жеткізді.