Өзбекстан мен Тәжікстан өнеркәсіп саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтады
Кейінгі жылдары Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, әсіресе өнеркәсіп пен жоғары технологиялар саласындағы байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі ел басшылығы жүргізіп отырған ашықтық пен өзара сенім саясаты бұл бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға берік негіз қалыптастырып отыр.
Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобур Исламов басшылық еткен делегация мен Тәжікстан Республикасының Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Ш.Кабир жетекшілік еткен делегация арасындағы кездесуде бұл мәселе кеңінен талқыланды.
Тараптар бұл диалог екі мемлекет арасындағы экономикалық және өнеркәсіптік байланыстарды сапалық жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.
Кездесу барысында кен-металлургия, өндіріс және заманауи технологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі жан-жақты сараланды. Сонымен қатар қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру арқылы өзара тиімді әріптестікті кеңейту жолдары қарастырылды.
Әсіресе «ОКМК» АҚ және «Узметкомбинат» АҚ сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар аясындағы жобаларды жалғастыру мен олардың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Бұл кәсіпорындар екі елдің өндірістік кооперациясының негізгі тіректерінің бірі ретінде бағаланды.
Сондай-ақ келіссөздер барысында кадр даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері де маңызды орын алды. Атап айтқанда, бейінді оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейту және заманауи білім мен дағдыларға ие кадрлар даярлау бағыттары айқындалды.
Кездесу соңында тараптар өзара сенім мен ортақ мүдделерге негізделген әріптестікті жүйелі түрде жалғастыруға дайын екендерін білдірді.