Өзбекстан мен Польша арасындағы технология саласындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге көтерілуде
Өзбекстан мен Польша арасындағы технология саласындағы ынтымақтастық дами түспек. Өйткені екі ел стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдау, бизнес байланыстарды дамыту және осы бағытта бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде келісімге қол жеткізді.
Бұл жөнінде Польша Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – цифрландыру министрі Кшиштоф Гавковский бастаған делегациямен кездесуде белгілі болды.
Өзбекстанға келген Польша делегациясы Цифрлық технологиялар министрлігі және IT Park Uzbekistan кешенімен танысып, елде ақпараттық технологиялар саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан реформалар, резиденттер үшін жасалған жағдайлар, салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктер, экспортқа бағытталған IT қызметтерін кеңейту жұмыстары, сондай-ақ стартап экожүйесін қолдау тетіктері жөнінде кеңінен мәлімет алды.

Сапар аясында делегация IT мамандарын даярлауға маманданған Ustudy IT академиясы қызметімен және бірыңғай интегратор UZINFOCOM жүзеге асырып жатқан жобалармен танысты.
Кейін Цифрлық технологиялар министрінің бірінші орынбасары Олег Пекоспен кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, студенттер мен жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдау, бизнес байланыстарды дамыту және осы бағытта бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Кездесуде Польшада 3 мыңнан астам цифрлық қызмет бар екені, сондай-ақ Өзбекстандағы my.gov.uz платформасына ұқсас жүйелер енгізілгені атап өтілді.

Делегация өкілдері Өзбекстанда қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылған цифрлық трансформация үдерістеріне жоғары баға беріп, елде қалыптасқан заманауи IT экожүйе ерекше назарға лайық екенін жеткізді.
Аталған кездесу Өзбекстан мен Польша арасындағы цифрлық трансформация, киберқауіпсіздік және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам болды.