Өзбекстан мен Германия көп жақты ынтымақтастықты нығайтатын болады
«Куксарай» резиденциясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің шағын құрамдағы және ресми делегациялар қатысқан келіссөздері өтті.
Кездесу барысында Өзбекстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Президенті Германия басшысының өз елі мен Еуропалық Одақтың Өзбекстан және Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынастарын жүйелі түрде дамытуға, сондай-ақ өзара тиімді өңіраралық ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан жеке үлесін айрықша атап өтті.
Тараптар екіжақты диалогтың қарқынды дамып, мемлекеттер арасындағы байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықта тұрақты оң серпін байқалуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 1,4 миллиард доллардан асып, биылғы жылдың өткен кезеңінде тағы 5 пайызға өсті. Ал Германияның Өзбекстан экономикасына салған инвестиция көлемі 2025 жылы 2 миллиард долларға жетті.

Мамыр айында Ташкентте өткен Германия экономикасы күндері мен Германия – Өзбекстан Іскерлік кеңесінің 10-отырысының маңызы ерекше аталып өтті. Осы іс-шаралардың қорытындысында құны 1 миллиард доллар болатын жаңа инвестициялық және сауда келісімдерінің топтамасына қол қойылды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Өзбекстанда 400 мыңнан астам жас неміс тілін үйреніп жатыр, ал 2 мыңнан астам студент Германияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Өткен жылы алғаш рет екі ел университеттерінің форумы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ өткен аптада Германия университеттері консорциумымен Самарқандта Өзбекстан – Германия қолданбалы ғылымдар университетін құру жөніндегі келісімге қол қойылғаны білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Мемлекет басшылары өнеркәсіп, энергетика және «жасыл экономика», көлік және логистика, тау-кен өндірісі, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге екі тараптың да мүдделі екенін атап өтті.

Көшбасшылар автомобиль жасау, тұрмыстық химия өнімдерін өндіру, логистика және білікті кадрлар даярлау бағыттарында жаңа бірлескен жобалар мен бағдарламалардың іске қосылуын құптады. Сонымен қатар Ташкентте екінші Университеттер форумын және үшінші Өзбекстан – Германия медициналық форумын өткізу бастамасы қолдау тапты.
Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты алаңдардағы, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кездесу соңында Германия Федералдық Президентінің бұл сапары екіжақты қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып, өзара тиімді ынтымақтастықты барлық бағыттар бойынша одан әрі кеңейтуге серпін беретініне сенім білдірілді.
