Ташкентте автобустарға арналған арнайы жолақтар қоршаулармен бөлінеді
Ташкент қаласында қоғамдық көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында автобустарға арналған арнайы жолақтарды ерекше тәсілмен белгілеу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, қаладағы қоғамдық көлікке арналған «A» таңбалы жолақтар арнайы делиниаторлар, яғни жол бойына орнатылатын қоршаулар арқылы бөлінеді. Мұндай тәсіл автобустарға арналған жолақтарды айқын көрсетіп қана қоймай, басқа көлік құралдарының бұл жолақтарға кіруінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама қоғамдық көліктің қозғалысын жылдамдатып, автобустардың уақыт кестесін сақтауға және қала жолдарындағы көлік ағынын тиімді реттеуге оң әсерін тигізеді.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жобаның нақты қай аудандар мен көшелерде жүзеге асырылатыны туралы толық ақпарат жақын күндері жарияланатынын мәлімдеген.