Ташкент пен Хиуа арасын жалғаған жоғары жылдамдықты пойыз іске қосылды
Ташкент орталық теміржол вокзалынан алғашқы сапарына шыққан «Жалаладдин Мәңгіберді» жоғары жылдамдықты электр пойызы Хиуа шаһарына сәтті жетіп, елде көлік инфрақұрылымындағы жаңа кезеңді бастап берді.
Бұған дейін теміржолмен Ташкенттен Хиуаға дейінгі 1022 шақырымдық жол жолаушылардан кемінде 14 сағат уақыт пен зор төзімді талап ететін. Енді «Hyundai Rotem» компаниясымен бірлесіп әкелінген заманауи пойыз бұл қашықтықты небәрі 7,5 сағатта бағындырады.
Теміржол бойымен жүйткіген пойыз тек қатынас құралы ғана емес, елдің даму қарқыны мен технологиялық серпінінің символына айналып отыр. Сағатына 250 шақырым жылдамдықпен зымыраған бұл «болат тұлпар» сайын дала мен шөл белестерден өтіп, тарихы терең қос шаһарды бір тыныста табыстырады.
Жеті вагоннан тұратын құрам 389 жолаушыны қабылдай алады. Алғашқы рейсте жолаушылардың басым бөлігін шетелдік туристер құрап, бұл бағыттың халықаралық туризм үшін де тартымды екенін көрсетті. Сапар барысында Самарқанд, Бұхара және Үргеніш қалаларында жолаушылар алмасып, бағыт бойындағы көне қалалар жаңа қарқынмен «жандана» түсті.
[gallery-29231]
Пойыз +50 градус аптап ыстықта да, –40 градус қақаған аязда да үздіксіз әрі жайлы қызмет көрсетуге бейімделген. Бұл – табиғаттың қатаң сынақтарына төтеп бере алатын заманауи инженерлік шешімдердің айқын көрінісі.
2027 жылдан бастап жоғары жылдамдықты бағытты Нөкіс қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өңіраралық байланысты нығайтып, жаңа экономикалық және туристік мүмкіндіктерге жол ашады.
Енді жолаушылар Ташкенттен Хиуаға сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері, ал Хиуадан Ташкентке сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері жолға шыға алады. Теміржол желісіндегі бұл жаңашылдық ел ішіндегі сапарды жеңілдетіп қана қоймай, әрбір бағытты әсерлі саяхатқа айналдырмақ.
суреттерді түсірген Б.Саидов, ӨзА