Президент мәдениет және өнер саласының өкілдерімен кездесу өткізді
Президент Шавкат Мирзиёев 1 маусым күні мәдениет және өнер саласының өкілдерімен кездесу өткізді.
Оған әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, актерлер, драматургтер мен режиссерлер, әншілер, сазгерлер, композиторлар, суретшілер, мүсіншілер, қолөнершілер және өнертанушы ғалымдар қатысты.

Мемлекет басшысы сөзінің басында мәдениет пен өнер халық руханиятының, қоғам санасының және жастар тәрбиесінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Бүгінде әлемде адам санасы мен жүрегін жаулау жолындағы күрес күшейіп отырғаны, мұндай жағдайда кітап, театр, кино, музыка мен әдебиет қоғамның рухани иммунитетін көтеретін ең ықпалды құралдардың бірі екені айтылды.

Кездесуге дайындық барысында шығармашылық өкілдерімен пікір алмасу жүргізіліп, мәдениет және өнер нысандарындағы жағдай жан-жақты зерделенгені атап өтілді. Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу саладағы мәселелерге шешім табуға, әдебиет, мәдениет, өнер және креативті экономикада жаңа орта қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Ең алдымен, шығармашылықпен айналысатын жандарды ынталандыру және жас таланттарды қолдау бойынша жаңа жүйе енгізілетіні белгілі болды. Театр, кино, би, опера, фольклор, эстрада, академиялық және ұлттық аспап өнері, бейнелеу және қолданбалы өнер секілді 21 бағыт бойынша шығармашылық бірлестіктер құрылады. Оларға тәжірибелі өнер қайраткерлері, министрлер және ірі компаниялар басшылары тең төраға болады.

Бұл бірлестіктер аудандардағы музыка мектептері және шығармашылық ұжымдармен жұмыс жүргізіп, жас таланттарды анықтау, махалла – аудан – облыс – республика кезеңдері бойынша байқаулар өткізу, жеңімпаздарды гастрольдік сапарлар, фестивальдер және халықаралық байқауларға қатыстырумен айналысады.

Жыл сайын «Ұлттық шығармашылдар құрылтайы» өткізіледі. Құрылтай аясында жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен шығармашылық иелерінің әдеби-мәдени кештері ұйымдастырылып, олар лайықты марапатталады.
Атап айтқанда, музыка саласында жаңа туындылар жасаған, халықаралық байқауларда жеңіске жеткен немесе шығармалары ел ішінде және халықаралық сахналарда орындалып жүрген әншілер, сазгерлер мен композиторлар, ал әдебиет саласында еңбектері кеңінен танылған, көп данамен жарық көрген, театр мен кинода сахналанған ақындар, жазушылар мен драматургтер ынталандырылады.

Мұндай шығармашыл жалдар жыл бойы ай сайын 5 миллион сум көлемінде қаламақы төленеді, олар Өзбекстан аумағында ұшақ, пойыз және қоғамдық көліктерде тегін қатынайтын болады. Мамандандырылған медициналық орталықтарда емделу шығындары мемлекет есебінен өтеліп, олардың шығармашылық мектептері мен өнер үйлері ашылады.
Жас таланттар мен олардың ұстаздарын қолдау бойынша да маңызды шаралар белгіленді. 1 қыркүйектен бастап республикалық байқау жеңімпаздарына 100 миллион сумға дейін, беделді халықаралық байқаулар жүлдегерлеріне 300 миллион сумға дейін сыйақы беріледі және олардың қатысу шығындары толық өтеледі. Ұстаздар мен тәлімгерлердің айлық жалақысына 100 пайызға дейін үстемақы төленеді.

Жыл сайын 100 жас мемлекет есебінен шетелдегі мәдениет және өнер оқу орындарында білім алуға жіберіледі. Жас таланттарды анықтау және продюсерлік бастамаларды қолдау мақсатында «Шығармашылыққа инвестиция» қоры құрылып, оған жыл сайын 200 миллиард сум бөлінеді.
Кездесуде авторлық құқықты қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Әдебиет, мәдениет және өнер саласында жасалған әрбір өнім шығармашылық иесінің зияткерлік меншігі екені, әрбір көркем шығарма, музыка мен ән авторға табыс әкелуі қажет екені атап өтілді. Жауапты тұлғаларға авторлық құқықты кепілді түрде қорғайтын жүйе әзірлеу тапсырылды.
Әдебиет саласы өкілдері үшін де жаңа мүмкіндіктер жасалады. Ақын-жазушыларға жыл сайын кемінде 50 үздік шығармаға шығармашылық тапсырыс беріледі. Сондай-ақ жыл сайын өзбек әдебиетінің ең үздік 10 шығармасы шет тілдеріне аударылып, авторлардың қатысуымен шетелдерде тұсаукесер шарасы ұйымдастырылады. Жазушылар одағының ұсынысымен жарық көретін кітаптардың қағазға байланысты шығындарын мемлекет өтейтін болады.

Шығармашылықпен айналысатын азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Жыл сайын 1 мың ақын-жазушыға, мәдениет және өнер саласының өкілдеріне, музей қызметкерлері мен суретшілерге баспана алу үшін ипотекалық несие бастапқы жарнасының 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Басқа өңірден келіп жұмыс істейтін сала мамандарына тұрғын үйді жалға алу шығындары үшін Ташкент қаласында айына 2,5 миллион сумға дейін, ал облыстарда 1 миллион 600 мың сумға дейін өтемақы төленеді.
Сондай-ақ, жыл сайын өз қызметінде жоғары нәтиже көрсеткен 1 мың сала қызметкері мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін емделеді, тағы 2 мың шығармашылық иесіне мемлекет тарапынан медициналық сақтандыру пакеті ұсынылады. Кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар қызметкерлерге кәсіподақ санаторийлеріне тегін жолдама беріледі.
Ән және би ансамбльдерін қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап ондағы барлық қызметкерлердің жалақысы екі есе көтеріледі. Би өнері шеберлерінің зейнетке шығуы үшін талап етілетін еңбек өтілі 20 жылдан 15 жылға қысқартылады. Жаңа Ташкентте салынып жатқан «Мақам» орталығының жанынан заманауи Би сарайын салу ұсынылды.
Композиторлар мен сазгерлердің қызметін қаржыландыру және материалдық ынталандыру жүйесі де қайта қаралады. Жыл сайын опера, симфония секілді классикалық және заманауи жанрларда кемінде 20 жаңа шығарма жазуға мемлекеттік тапсырыс беріледі.
Мемлекет басшысы қоғамдағы ұлттық рухты нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бүгінде халықты жігерлендіретін әдебиет, жастарға мақтаныш сыйлайтын кино, жүрекке әсер ететін музыка және адамды өзін тануға жетелейтін театр қажет екені айтылды.
Интернет пен әлеуметтік желілер өмірімізде маңызды орын алып отырған қазіргі кезеңде шығармашылық зиялы қауымның цифрлық кеңістіктегі үні де күштірек шығуы қажет екені атап өтілді.
Мәдени іс-шараларға қызығушылықты арттыру мақсатында жаңа тетіктер енгізіледі. Жыл сайын 500 мың мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, белсенді оқушылар мен студенттер, сондай-ақ 100 мың мұқтаж отбасы мен мүмкіндігі шектеулі балаларға театр, кино және концерттерге тегін ваучерлер беріледі.
1 шілдеден бастап әрбір аудан мен махаллада өткізілетін концерттік-мәдени шаралар шығынының 20 пайызына дейінгі бөлігі бюджет есебінен қаржыландырылады. Концерттік бағдарламалар, жекеменшік театрлар, кинематография, балаларға арналған контент, мәдениет пен өнер бағытындағы жекеменшік білім беру ұйымдары бірқатар салықтардан босатылады. Әдебиет, мәдениет және өнерді дамытуға бағытталған демеушілік қаражаттар да салық салудан босатылады.
Облыс әкімдіктері жанынан арнайы дирекциялар құрылып, олар концерт залдары, театрлар мен мәдениет сарайларын тиімді пайдалану және күн сайын мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға жауапты болады.
Театр саласында да жаңа мүмкіндіктер жасалады. Өткен жылы Әлішер Науаи атындағы театрға қаржылық, шығармашылық және ұйымдастырушылық мәселелерді дербес шешу құқығы берілгені оң нәтиже көрсеткені айтылды. Бір жыл ішінде спектакльдер саны 1,5 есе, көрермендер саны екі есе артқан. Енді бұл тәжірибе «Муқимий», «Бердақ» және Ұлттық қуыршақ театрларына да енгізіледі.
Жекеменшік театрлар мен театр студияларын қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап жыл сайын 50 сахналық шығарманы қою шығындары мемлекет тарапынан өтеледі. Оларға мемлекеттік мәдениет нысандары тегін пайдалануға беріледі, ал жекеменшік ғимарат жалданған жағдайда айына 20 миллион сумға дейінгі шығын бюджеттен жабылады. Сонымен қатар, сатылған әрбір театр билеті үшін бюджеттен қосымша қаламақы төлеу жүйесі енгізіледі.
Кино саласын дамыту бойынша да маңызды міндеттер белгіленді. «Узбекфильмге» ұлттық мәртебе беріліп, ол жергілікті және халықаралық киноиндустрияға қызмет көрсететін орталық киноконцернге айналдырылады. Ұлттық фильмдерді халықаралық нарыққа шығару мақсатында жаһандық киноплатформалармен ынтымақтастық күшейтіледі.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде фильм түсіру кезінде насихат және жарнама шығындары үшін фильм бюджетінің 30 пайызына дейін қаржы бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілген фильмдерді көрсетуден түскен қаражаттың 50 пайызы продюсерлер мен шығармашылық топқа қосымша ынталандыру ретінде беріледі. «Алтын хумо» ұлттық кино жүлдесінің беделін жаңа деңгейге көтеру үшін жыл сайын 5 миллиард сум бөлінеді.
Креативті экономиканы дамыту да негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Алдағы жылдары мәдениет пен өнер саласындағы қосылған құнды арттыру арқылы креативті экономиканың көлемін 145 триллион сумға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта саланың құқықтық негізі жасалып, Креативті индустрия паркі резиденттері үшін арнайы салық режимі енгізілген. Шайхантахур ауданы мен Нөкіс қаласында ірі креативті парктердің құрылысы басталған.
Қолөнер бұйымдарының заманауи дизайнын жетілдіру арқылы олардың қосылған құнын 5-10 есеге арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Халықаралық дизайнерлермен ынтымақтастық кеңейтіліп, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік және Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінде көрмелер саны көбейтіледі. Әрбір өңірде жыл бойы мега-іс-шаралар ұйымдастыру бағдарламасы әзірленеді.
Кездесуде мәдениет және өнер саласындағы білім беру жүйесін жетілдіру мәселесі де жан-жақты талқыланды. Жалпы білім беретін мектептердегі музыка, бейнелеу өнері және технология пәндері «Art» оқу бағдарламасы негізінде жаңартылады. Жаңа оқу жылынан бастап әр облыстағы 10 жалпы білім беретін мектепте тәжірибе ретінде «art» бағыты енгізіледі.
Бұл бағдарлама аясында бастауыш сыныптарда балалардың сурет, музыка және ойын арқылы шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, ал жоғары сыныптарда дизайн, графика, жасанды интеллект және креативті жобалармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру көзделген.
Еліміздегі 326 музыка және өнер мектебі мен 29 мамандандырылған мектепте 95 мыңнан астам оқушы білім алып жатқаны атап өтілді. Осы мекемелер үшін нақты тиімділік көрсеткіштері әзірленеді. Музыка мектептерінің түлектері өз бағытымен қатар кемінде бір ұлттық аспапты меңгеруі тиіс болады.
Жаңа оқу жылынан бастап 326 музыка және өнер мектебі мұғалімдерінің жалақысы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің еңбекақысымен теңестіріледі. Сондай-ақ оқушылардың музыкалық аспаптарды меңгеру деңгейіне қарай мұғалімдерге 20 пайызға дейін үстемеақы төленеді. Кемінде 1,5 миллион оқушыны музыка мен өнерге тарту міндеті қойылды.
Әрбір жалпы білім беретін мектепте музыка және өнер бағытында кемінде төрт үйірме ашылады. Ұлттық аспап сатып алған азаматтарға шығынның 30 пайызы өтеледі. Мүмкіндігі шектеулі жастар үшін өңірлерде «Инклюзивті шығармашылық шеберханалар» ұйымдастырылып, бұл бағытқа жыл сайын 30 миллиард сум бөлінеді.
Кадр даярлау жүйесі де қайта қаралады. Жаңа оқу жылынан бастап мамандандырылған мектептерге оқушылар музыка бағыты бойынша 5-сыныптан, ал би, театр және өнер бағыттары бойынша 9-сыныптан қабылданады. Музыка және өнер, эстрада және цирк техникумдары Мәдениет министрлігі жүйесіне өткізіліп, оларға жоғары мектеп мәртебесі беріледі. Оқу үдерісі үш жылдық бағдарлама негізінде ұйымдастырылады.
Мәдениет және өнер бағытындағы жоғары оқу орындарында дуальді білім беру жүйесі енгізіледі. Әрбір студентке танымал шығармашылық өкілдері бекітіліп, олар жастарды концерт, театр және түрлі қойылымдарға қатыстыра отырып, үлкен сахнаға дайындайды. Оқу бағдарламаларына «Арт-менеджмент», «Креативті индустрия», «Жобаларды коммерцияландыру» секілді заманауи пәндер енгізіледі. Студенттердің стартап жобалары үшін 10 жоғары оқу орнына 50 миллиард сум бөлінеді.
Сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша бірыңғай жүйе құрылады. Қолданыстағы орталықтар негізінде Мәдениет министрлігі жүйесінде біліктілікті арттыру және қайта даярлау институты ашылады. Бұл институт жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәні мұғалімдерінің кәсіби деңгейін көтеруге де жауапты болады.
– Бүгінде әлемде түрлі қайшылықтар мен қақтығыстар күшейіп отырғанын көріп отырмыз. Осындай жағдайда ұлттық бірлік пен ынтымақ біз үшін бұрынғыдан да маңызды. Сіздер шынайы отаншылдық, ұлтқа адалдық және жанқиярлық қасиеттеріңізбен жастарға және бүкіл халқымызға үлгі боласыздар деп сенемін, – деді Президентіміз.
Мемлекет басшысы сала өкілдерімен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныстары мен бастамаларын тыңдады.