Наманганда мақта терімі басталды
Наманган облысында биылғы мақта терімі басталды.
2026 жылғы өнім үшін Наманган облысы бойынша 48 мың 800 гектар жерге шитті мақта егілген. Жоспар бойынша маусым соңына дейін әр гектардан орта есеппен 52,2 центнерден, жалпы 254 мың 500 тонна мақта шикізатын өндіру көзделген.
Елдің ауыл шаруашылығында маңызды экономикалық ресурс саналатын мақта көп ғасырлық еңбек мәдениетімен, диқаншылық тәжірибесімен және халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты құндылыққа айналған.

Сол себепті қазіргі уақытта саланы жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға, технологияларды кеңінен енгізуге және фермерлерді жоғары өнімді техникамен қамтамасыз етуге мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде назар аударылып отыр.

Осы күндері мақта алқаптары жаңа маусымның жауапты кезеңіне аяқ басты. Өнімді уақтылы әрі сапалы жинап алу мақсатында облыста 856 жиын-терім отряды құрылды. Маусымда өнімнің 70 пайызын терім машиналарының көмегімен жинап алу жоспарланған. Ол үшін 178 мақта теру агрегаты жұмылдырылатын болады. Айта кетерлігі, биыл облысқа 57 жаңа мақта теру машинасы сатып алынған.

Мыңбұлақ ауданындағы "Элита ұрық" фермер шаруашылығының дала қосында ұйымдастырылған "2026 жылғы өнім үшін өсірілген мақта шикізатын ысырапсыз жинап алу, мақта жиын-терім маусымын ұйымшылдықпен өткізу" тақырыбындағы облыстық көрнекі семинар-кеңеске сала жанашырлары, ақсақалдар, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері мен тиісті ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиында мақта өнімін сапалы жинап алу, терімді белгіленген мерзімде нақты ұйымдастыру, еңбек процесінде қауіпсіздік ережелерін сақтау және маусымды ұйымшылдықпен өткізу мәселелері талқыланды.

Наманган облысының әкімі Шавкат Абдураззақов "Ақ алтын" маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру, мақта шикізатын даладан жинап алу, терімшілер үшін лайықты еңбек жағдайын жасау және белгіленген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті нұсқаулар мен міндеттерді жүктеді.

Сонымен қатар, шарада мал сойылып, дастарқаны жайылды. Қол жайып дұға етіліп, диқандар мен фермерлердің қажырлы еңбегіне береке, еліміздің дастарқанына молшылық тіленіп, мақта жиын-терім маусымына ақ бата берілді.
ӨзА