Мысырлық тележүргізуші есірткі ісі бойынша өлім жазасына кесілді
Каир қылмыстық соты тележүргізуші Сара Халифа мен тағы 11 адамды синтетикалық есірткі өндіру және тарату ісімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін өлім жазасына кесті.
Іс бойынша жалпы 28 адамға айып тағылған. Сот тағы тоғыз айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарса, жеті адамды ақтады.
Мысыр бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тергеу барысында топтың есірткі өндіруге қажетті шикізатты шетелден импорттап, кейін одан синтетикалық есірткі жасап, таратқаны анықталған. Тергеу кезінде құқық қорғау органдары 750 келіден астам есірткі мен оны өндіруге қажетті шикізатты тәркіледі. Сонымен қатар екі үйден заңсыз атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылған.
Айта кетейік, 39 жастағы Сара Халифа Мысырда қылмыс тақырыбына арналған «Mission Impossible» бағдарламасының жүргізушісі ретінде танымал. Ол өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды. Оның адвокаты сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеген.