Малайзия 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салды
Малайзияда 1 маусымнан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салынды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл шектеулер қазіргі таңда танымалдығы жоғары болған Facebook, Instagram, TikTok және YouTube секілдіірі платформаларға қатысты енгізілген.
Енді компаниялар жаңа пайдаланушылардың жасын мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеруге міндетті. Талаптарды бұзған платформаларға 10 миллион ринггитке дейін, яғни шамамен 2,5 миллион доллар көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Ресми билік өкілдері балаларға интернет пен технологияларды пайдалануға толық тыйым салынбайтынын атап өтті. Мұндай шектеулер кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау мақсатында қабылданған. Сондай-ақ бұл норма платформалар, ата-аналар мен қамқоршылардың балалардың онлайн қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін күшейтуді көздейді.
Әлеуметтік желілерде бұрыннан тіркелген пайдаланушылардың жасы да алты ай ішінде тексерілуі тиіс.
Малайзия соңғы уақытта интернеттегі қауіпті контенттің көбеюіне байланысты платформаларды қатаңырақ реттей бастады. Әсіресе елде нәсілдік немесе діни араздықты қоздыратын, сондай-ақ монархияны сынайтын контентке тыйым салынған.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Австралия әлемде алғаш болып 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды енгізген еді. Кейін реттеуші орган Meta, TikTok және Google платформаларына қатысты тексеру бастаған. Себебі кейбір кәмелетке толмаған пайдаланушылар платформаларда қалып қойғаны анықталған.
Осыған ұқсас шаралар басқа елдерде де қарастырылып жатыр. Мәселен, Греция 2027 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізуді жоспарласа, Түркияда да осындай бастама талқыланып жатыр.