Ұлыбританияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады
Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатынын мәлімдеді. Ел билігі бұл шектеуді келесі жылдың басына дейін енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Ұлыбританияның Премьер-министрі Кир Стармер Даунинг-стриттегі баспасөз мәслихатында хабарлады.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Бұл – балаларымыз бен болашағымыз үшін жасалған үлкен қадам. Сондықтан үкімет 16 жасқа дейінгі барлық балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне тыйым салатынын жариялаймын», – деді Кир Стармер.
Премьер-министрдің айтуынша, елдегі ата-аналардың басым бөлігі бұл шешімді қолдаған. Сонымен қатар шектеуді айналып өтуге тырысқан жасөспірімдерге жаза қолданылмайтыны атап өтілді. Үкімет бұл мәселені бұған дейін ірі технологиялық компаниялармен де талқылаған.
Осыған дейін Ұлыбританияда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеуге бағытталған тәжірибелік жоба жүзеге асырылған болатын. Алты аптаға созылған сынаққа ел бойынша 300-ге жуық кәмелетке толмаған бала қатысты.
Зерттеу барысында мамандар түрлі шектеулердің жасөспірімдердің психологиялық жағдайына әсерін бағалады. Қаралған нұсқалардың қатарында әлеуметтік желілерді толықтай тыйым салу, оларды күніне бір сағатпен шектеу және түнгі уақытта пайдалануға тыйым енгізу мәселелері болды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, олардың оқуына, шынайы өмірдегі қарым-қатынасына және психикалық саулығына оң ықпал етуі мүмкін.