Әлемдік авиация дағдарысы: мыңдаған рейс кейінге шегерілді
Әлемдік авиация нарығы бұрын-соңды болмаған қысымды бастан өткеріп отыр. Реактив отынның күрт тапшылығы салдарынан әуе компаниялары мамыр айына жоспарланған шамамен 13 мың рейсті тоқтатуға мәжбүр болды. Соның салдарынан екі миллионға жуық жолаушы орны ұшу кестесінен алынып тасталып, Еуропа мен өзге бағыттарға жоспарланған демалыс сапарларының тағдыры қыл үстінде қалды.
Ірі әуе тасымалдаушылар – Lufthansa, Turkish Airlines, British Airways және KLM – рейстер санын қысқартуға мәжбүр болуда. Кейбір компаниялар отынды үнемдеу мақсатында шағын ұшақтарды пайдалануға көшкен.
Сарапшылардың пікірінше, дағдарыстың негізгі себебі Ормұз бұғазы маңындағы жағдаймен байланысты. Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан әлемдік мұнай жеткізіліміне қауіп төніп, авиациялық отын бағасы екі есеге дейін қымбаттаған.
Қазіргі таңда әуе компаниялары сұраныс жоғары бағыттар бойынша билет бағасын көтеріп жатыр, ал кейбір рейстер басқа күндерге ауыстырылуда. Сарапшылар жазғы маусымда жағдайдың одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертіп, сапарлардың кешігуі мен қысқартылған демалыстардың жиілейтінін болжауда.