Халықаралық тұрақты және өміршең туризм жылына арналған іс-шаралардың бірі Өзбекстанда өтеді
Германия астанасында «ITB Berlin – 2026» халықаралық туризм көрмесі өтіп жатыр. Атаулы шара аясында Өзбекстан Туризм комитетінің төрағасы Абдулазиз Аккулов пен БҰҰ Туризм ұйымы Бас хатшысы Шайха Нассер әл‑Новаис арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында тұрақты туризмді дамыту, БҰҰ агенттіктерімен тиімді ынтымақтастық орнату, сала мамандарының әлеуетін арттыру және ұлттық туризм стратегияларын жүзеге асырудағы институционалдық серіктестік мәселелері талқыланды.
Бас хатшы Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған «2027 жыл – Халықаралық тұрақты және өміршең туризм жылы» бастамасын лайықты деңгейде өткізу мақсатында биылғы 2 ақпанда ұйым тарапынан арнайы «Жол картасы» жарияланғанын атап өтті.
Шайха Нассер әл-Новаис сқхбат барысында жыл бойына жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыруда Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.

— Тұрақты әрі өміршең туризмді дамыту әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға зор мүмкіндік береді, — деді Бас хатшы.
Сонымен қатар тараптар биылғы жылдың соңында «2027 жыл – Халықаралық тұрақты және өміршең туризм жылының» ашылу рәсімдерінің бірін Өзбекстанда өткізу үшін тиісті ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келді.
Кездесу соңында Туризм комитетінің төрағасы Абдулазиз Аккулов БҰҰ Туризм ұйымының Бас хатшысын Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды. Тараптар туризм саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастамаларды ілгерілету және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Сонымен қатар, Өзбекстанның бай тарихи мұрасы мен бірегей мәдени құндылықтары жаһандық туристік кеңістікте елдің тартымдылығын арттырып, халықаралық саяхатшылардың қызығушылығын күшейтіп келеді. Мұндай ірі бастамалар елдің Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды туристік орталықтардың бірі ретіндегі беделін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.