Гонконгтық кәсіпкерлер мен іскер топ өкілдері Өзбекстандағы экономикалық реформалардың әлеуетімен танысты
Гонконг Әкімшілігінің басшысы Джон Ли жетекшілік еткен беделді делегацияның Өзбекстанға сапары екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Бұл өз кезегінде Орталық Азиядағы ауқымды әрі болашағы зор нарық саналатын өңірмен инвестициялық және сауда байланыстарын кеңейтуге тың серпін береді.
Сапар аясында өткен кездесулер мен пікір алмасулар іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталды. Әсіресе, Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сыртқы сауда министрлігі ұйымдастырған бизнес-брифинг пен дөңгелек үстел жиыны гонконгтік кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Аталған маңызды іс-шараға Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев қатысты.

Кездесуге өнеркәсіп, қаржы, логистика, IT және құрылыс секторларында қызмет ететін Гонконгтың 120-дан астам жетекші компаниясының өкілдері жиналды. Брифинг барысында шетелдік инвесторларға Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды экономикалық реформалар, елдің инвестициялық әлеуеті, кәсіпкерлікке жасалған қолайлы жағдайлар, еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері және инвесторларды мемлекеттік қолдау тетіктері жан-жақты таныстырылды.
Дөңгелек үстел барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, қаржы секторындағы әріптестікті күшейту, логистикалық тізбектерді дамыту және жоғары технологияларға негізделген бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Келіссөздер соңында тараптар өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті жүйелі түрде дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.
Мұндай жоғары деңгейдегі іскерлік байланыстар Өзбекстанның халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ел экономикасына озық технологиялар мен жаңа капитал ағынын тартуға да орасан зор ықпал етеді.
