
2022 жылдың соңына қарай Өзбекстанның Орталық Азия елдерімен сыртқы сауда көлемі 17,2 пайызға өсіп, 7,5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының мәліметінше, бұл көрсеткіш елдің жалпы саудасының 15 пайызын құраған.
Бұл ретте Өзбекстанның Орталық Азия елдеріне экспорты 3,1 млрд доллар (15,4% өсім), ал импорты 4,4 млрд долларды (18,6% өсім) құрады.
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Өзбекстанның Қазақстанмен сыртқы сауда айналымы 4,6 миллиард долларды (өсім 17,9 пайыз), экспорт көлемі 1,4 миллиард долларға, импорт көлемі 3,2 миллиард долларға тең болған.
Қырғызстанмен сыртқы сауда айналымы 1,3 миллиард долларды (32,1 пайызға өсті), экспорт көлемі 979,3 миллион долларды, импорт көлемі 280,7 миллион долларды құрады.
Түркіменстанмен сыртқы сауда айналымы 926,3 миллион долларға жетіп (2,7 пайызға өсті), экспорт көлемі 194,8 миллион доллар, импорт көлемі 731,5 миллион долларды құраған.
Тәжікстанмен сыртқы сауда айналымы 674,4 миллион долларға теңескен (өсім 11,4 пайыз). Экспорт көлемі 519,9 миллион долларға, импорт көлемі 154,5 миллион долларға жеткен.
Өзбекстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымында Қазақстан ең көп үлеске ие – 62 пайыз. Қырғызстан 17 пайыз, Түрікменстан 12 пайыз, Тәжікстан 9 пайыз.