Өзбекстан СІМ басшысы БАӘ елшісін қабылдады

Өзбекстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Бахтияр Саидов Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Саид Матар әл-Қамзимен кездесті.
СІМ мәліметінше, кездесуде Өзбекстан-БАӘ көп қырлы ынтымақтастығын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері, жалпы күн тәртібін жаңа практикалық мазмұнмен байыту бойынша ұсыныстар қарастырылды.
«Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасып, екіжақты іс-шаралардың кестесі келісілді.
Сыртқы істер министрліктері арасындағы диалогты, оның ішінде министрлікаралық консультацияларды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді» делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, Өзбекстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымының көлемін арттыруға және оның мазмұнын әртараптандыруға бағытталған бірлескен шараларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілген.