
2021 жылы 4 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Н.Ариповке ІІ дәрежелі «Достық» орденін беру туралы жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатнасты нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Нигматович Арипов ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградалансын», делінген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлықта.
«Достық» ордені - бұл екі ел қатынастарын дамытуға, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін шет мемлекеттер азаматтарына берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоғары наградасы.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қатынастары қарқынды түс алып, оның негізгі платформасы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіптік байланыстар мен көлік саласындағы өзара іс-қимыл болып табылады.
Әлемдік сауданың қарқынына әсер еткен пандемияның жағымсыз салдарына қарамастан, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 27,1% өсіп, 1 миллиард 213 миллион долларға жетті.
Екіжақты қатынастардың қазіргі динамикасы екі бауырлас халықтар арасындағы қалыптасқан қатынастардың ең жоғары деңгейіне сәйкес келеді.
Сонымен қатар, осы жылдың 10 сәуірінде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» (Қыш-Көпір) өткізу пункті ауданында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Үкімет басшылары Халықаралық орталықтың құрылыс алаңының капсуласын қойды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық алаңға айналуға арналған орталықта Қазақстан мен Өзбекстан тауарларының кең ассортименті жинақталады.
Ежелден көрші, бауырлас елдер арасындағы қатынастарды жан-жақты нығайтуға және қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Н.Ариповтың жоғары наградамен марапатталуы - көрші бауырлас халықтың Өзбекстанға деген құрметінің белгісі.