
Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан Қамбарата-1 ГЭС-і бойынша үш жақты келісімге қол қойды.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 6 қаңтарда Бішкек қаласында Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Қазақстан Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Қамбарата-1» су электр стансасын салу жобасының «жол картасына» қол қойды.
Онда тараптар жобаны жүзеге асырудың негізгі шарттары мен қажетті шараларын белгіледі.
Бұл ГЭС Қырғыз Республикасының ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің электр және сумен жабдықтауында маңызды орын алады.
Жоба аясында 5,4 млрд текше метр су қоймасы мен 1860 МВт су электр станциясы іске қосылады. Нәтижесінде жылына орта есеппен 5,6 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіру мүмкін.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінде Самарқандта өткен ШЫҰ саммиті аясында екі ел президенттері Қамбарата-1 су электр станциясының құрылысын тезірек бастаудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын.