English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан Президенті «Жасыл Жібек жолы» аясында халықаралық күш-жігерді біріктіруге шақырды
16:33 / 2023-10-18

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 18 қазан күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумының ашылу салтанатына және «Адам мен табиғат үндестігі жолында «Жасыл Жібек жолын» бірлесе құрамыз» тақырыбындағы жалпы жиналысқа қатысты.

Қытай вице-президенті Хань Чжэн модераторлық еткен саммитке Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, мемлекет және үкімет басшылары, қаржы институттарының басшылары да қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде барша қатысушыларды «Белдеу және жол» бастамасының он жылдығымен шын жүректен құттықтады.

Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруге бағытталған бұл өршіл идея тарихи қысқа мерзімде көптеген қолдаушыларға ие болып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісіне айналғаны айтылды.

Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктесі ретінде Өзбекстан «Белдеу және жол» бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады және осы бастаманың негізгі мақсаттары мен міндеттерін одан әрі ілгерілетуді табанды жақтаушысы болып табылады.

Мемлекет басшысы «Жасыл Жібек жолы» бастамасының мәніне назар аудара отырып, жалпы «жасыл» болашақ күн тәртібін қалыптастыратынын атап өтті.

Қытай Халық Республикасы Төрағасы тарапынан 2016 жылы алғаш рет елімізде көтерген осы бастаманы Өзбекстан толықтай қолдайды.

Өңірдегі аномальді ауа райы жағдайлары, жиі құрғақшылық пен шаңды дауылдар, жердің тез тозуы мен шөлейттенуі, биоалуантүрліліктің жоғалуы түрінде көрінетін күрделі экологиялық жағдайға тоқталған Мемлекет басшысы Орталық Азия әлемдегі климаттық өзгерістердің салдарынан ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі екенін айтты. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қабылдаған арнайы қарар аясында Өзбекстанда Арал  өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялық аймақтар құру бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.

Осы тұрғыда биылғы жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас хатшысының бастамасымен өткен климаттың өзгеруіне байланысты негізгі міндеттер саммитінің нәтижелері жоғары бағаланды.

Орталық Азиядағы «жасыл» даму мақсаттарына жету жолында пікір алмасу және күш-жігерді біріктіру мақсатында Өзбекстан басшысы 2024 жылы Самарқанд халықаралық климаттық форумын өткізу туралы бастама көтерді.

– Бұл форум тұрақты дамудың жаһандық қатерлеріне жауап іздеу үшін «Болашаққа арналған Самарқанд диалогын» ұйымдастыруда практикалық қадам болады деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан «Жасыл Жібек жолы» аясында ауқымды халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екені айтылды.

Осы орайда Өзбекстан басшысы Қытаймен және «Белдеу және жол» бастамасының басқа да қатысушыларымен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы өз ойымен бөлісті.

«Орталық Азияның «жасыл» күн тәртібі» және «Жасыл Жібек жолы» тұжырымдамалық бастамаларын өзара байланыстыру аясында «жасыл» даму талаптары негізінде экономика секторларын трансформациялау және цифрландыру, көлік және энергетика салаларында тұрақты инфрақұрылымды құру, «жасыл өндірістік қуаттарды іске қосу, кедейлікті азайту және «ақылды» ауыл шаруашылығын дамыту шаралары мен жобаларын қамтитын «Жасыл» даму бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.

«Жасыл Жібек жолын» құрудағы тағы бір маңызды міндет – «жасыл» өндірістік тізбектер мен инновацияларды дамыту.

Қытайдың жетекші компанияларымен бірлесе отырып және басқа да шетелдік серіктестерді тарта отырып, өнеркәсіптік салада әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыру және кеңінен енгізу негізінде Арал өңірінде арнайы үлгілік технологиялық парк құруға дайын екендігі айтылды. 

Мемлекет басшысы аз көміртекті экономика мен «таза» технологияларды дамыту, сондай-ақ аймақ елдерінде жоғары экологиялық стандарттарды енгізу мақсатында Өзбекстанда «Жасыл қаржыландыру» қорын құруды ұсынды.

Сондай-ақ Өзбекстан басшысы «жасыл» өнімдердің, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасындағы шектеулер мен кедергілерді азайтуға шақырды.

«Жасыл» энергетикаға көшу бойынша диалогты жандандыру және «Белдеу және жол» бастамасына қосылған елдер министрлерінің кездесулерін тұрақты түрде өткізу ұсынысы айтылды.

Өзбекстан Президенті Арал өңірі халықаралық инновациялық орталығының негізінде «жасыл» білім мен шешімдерді трансферлеу үшін ғылыми-ақпараттық платформаны іске қосу бастамасын көтерді.

«Жасыл» даму және экология саласы үшін білікті кадрлардың жетіспеуінің артып келе жатқанын ескере отырып, Мемлекет басшысы Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруін зерттеу университетінің базасында жетекші шетелдік университеттер және білім орталықтарымен ынтымақтастықта, «жасыл» даму және экология саласындағы мамандарды даярлауды және академиялық алмасуды дамыту бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, Президент табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселесіне тоқталды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында белгілі қоғам қайраткерлері, ғылым, бизнес және мәдениет өкілдері қатысуында этно-экологиялық фестивальдер, форумдар, презентациялар және басқа да іс-шараларды өткізуді көздейтін «жасыл» мәдениетті дамытудың жаһандық бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Сөзінің соңында Президент Шавкат Мирзиёев форум қорытындылары, онда айтылған идеялар мен ұсыныстар адамзаттың «жасыл» болашағын құруға маңызды үлес болатынына сенім білдірді.