
Өзбекстан мен Беларусь арасындағы ашықтық әрі өзара мүдделерді ескеру қағидаттарына негізделген конструктивті ынтымақтастық кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Өзара тауар айналымының көлемі ұдайы ұлғаюда, өнеркәсіптік кооперация және ауыл шаруашылығы салаларындағы маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Өңірлер арасындағы көпқырлы байланыс нығайып, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы алмасулар кеңейіп келеді.
Бұл Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияевтің Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына байланысты жолдаған құттықтауында ерекше атап өтілді.
Құттықтауда бірлескен күш-жігер арқасында Өзбекстан мен Беларусь ынтымақтастығы кейінгі жылдары сапа жағынан жаңа деңгейге көтеріліп, нақты практикалық мазмұнмен байығаны айтылды.
Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Беларусь арасындағы әріптестік қарым-қатынасты елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі нығайтуға деген ұмтылысы берік екенін атап өтіп, Президент Александр Лукашенкоға зор денсаулық, бақ-береке және мемлекеттік істерде табыс, ал Беларусь халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі.