
Туриннің «Ювентус» клубы қаржылық алаяқтық үшін тағы бір жазаға тартылуы мүмкін.
Football Italia басылымының хабарлауынша, Италия футбол федерациясы футболшылардың жалақысына қатысты алаяқтық жасаған «Ювентус» клубынан 20 ұпай алып тастауы мүмкін.
Италия футбол федерациясының (FIGC) прокуроры А Сериядағы «Ювентус» клубынан кем дегенде 20 ұпай алуды талап етуді жоспарлап отыр. Іс 29 қаңтарда жабылуы керек еді, бірақ жаңа құжаттар пайда болған соң прокуратура тергеуді 40 күнге ұзартуды сұраған.
«Ювентус» ойыншылар пандемия кезінде клубқа көмектесу үшін төрт айлық жалақыларынан бас тартуға келісті деп мәлімдеген.
Алайда, Маттийс де Лигт пен Маттиа Де Шильо тағыда бірнеше ойыншылар телефон тыңдаулары мен әлеуметтік желілердегі хабарламаларда мұның мүлдем дұрыс емес екенін айтқан. Олар бір айлық жалақыларынан айырылып, қалған айлық жалақыларын бонустар мен демеушілік сияқты түрлі формада алған. Ойыншылардың жалақысы жасырын төленген.
Бұған дейін «Ювентус» 15 ұпаймен жазаланып, Италия чемпионатында үшінші орыннан оныншы орынға түсіп, клуб директоры Фабио Паратичи, бұрынғы президент Андреа Аньелли, бұрынғы бас менеджер Маурицио Арривабене және вице-президент Павел Недвед сияқты бірқатар клуб шенеуніктері футболдан шеттетілген болатын.