
ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Өзбекстанның мәдени мұрасы таныстырылды.
Парижде өткен «Oriental Fashion Show 2023» шара аясында Өзбекстанның Франциядағы Елшілігі мен ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілдігі «Route De La Soie Et Al-Andalus» қауымдастығымен бірлесе отырып, Өзбекстанның бай мәдени мұрасы мен туристік әлеуетіне арналған бейнеролик ұсынды.
Онда Самарқандтың көрікті жерлері, материалдық емес мәдени мұраның бірегей элементі болып табылатын сузананы жасау технологиясы және 24-25 қаңтар күндері Париж сән апталығы аясында «Oriental Fashion Show 2023» көрмесінде ұсынылған өзбек дизайнерлерінің топтамалары туралы айтылған.
«Oriental Fashion Show 2023» көрмесінің ұйымдастырушысы, «Route De La Soie Et Al-Andalus» қауымдастығының президенті Хинд Джоудар Өзбекстан қалаларына сапарында өзбек мәдениеті мен дәстүрінің алуан түрлілігі мен қайталанбас сұлулығы оған үлкен әсер еткенін айтып, «Oriental Fashion Show 2023» көрмесін Өзбекстанға апару және Самарқанд қаласының орталығындағы Регистан алаңында осы тамаша шараны ұйымдастыру – менің ең қымбат арманым», - деген Хинд Джоудар.
Oriental Fashion Show – Шығыс елдерінің сәні мен тігін шеберлігіне арналған дүниежүзіндегі тұңғыш халықаралық көрме. Конференцияны ұйымдастырушылар Париж, Лондон, Милан, Нью-Йорк, Мәскеу, Санкт-Петербург, Стамбул, Баку, Кувейт, Доха, Марокко, Дубай және әлемнің басқа қалаларында көрмелер ұйымдастырады.