
Уганда президенті Йовери Мусевени Эбола індетінен зардап шеккен елдің орталық бөлігіндегі Мубенде және Касанда аудандарында оқшаулау жарияланғанын хабарлады.
Ел басшысы бұл туралы тікелей эфирде халыққа арнаған үндеуінде жариялап, шешім бірден күшіне енетінін және карантин 21 күнге созылатынын айтты.
Жаңа талаптарға сәйкес бұл аудандарға кіруге және шығуға тыйым салынған. Олардың аумағында түнгі коменданттық сағат енгізіліп, аудандардан тек жүк көліктеріне ғана шығуға рұқсат етілген.
Сонымен қатар, карантин кезеңінде көпшілік жиналатын жиындарды, оның ішінде ғибадат орындары мен ойын-сауық орталықтарында өткізуге тыйым салынады.
Бұл ретте мектептер жұмысын жалғастырады, бірақ аудандық медициналық бригадалардың қатаң бақылауында болады.
20 қыркүйекте алғашқы жағдай анықталғаннан кейін Мубенде округі Эбола індетінің ошағына айналған.
Үкіметтің мәліметтері бойынша, ауру жұқтырғандарды анықтау басталғаннан бері елде Эбола індетін жұқтырған 58 адам тіркеліп, оның 19-ы қайтыс болып, 20-сы сауығып кеткен.