Түркияда жалпыұлттық аза тұту жарияланды

12 ақпанға дейін Түркияның барлық ұлттық және шетелдік кеңселерінде жалаулар түсіріледі.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 6 ақпанға қараған түні және күндізгі болған күшті жер сілкінісінің құрбандарын еске алу үшін елде жалпыұлттық аза тұту жариялады. Аза тұту 12 ақпанға дейін жалғасады.
«Елімізде орын алған жер сілкінісіне байланысты 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Жексенбі, 12 ақпанға дейін барлық ұлттық және шетелдік мекемелердің тулары күн батқанға дейін түсіріледі», - делінген Түркия президентінің мәлімдемесінде.
Түркия үкіметінің соңғы мәліметі бойынша, елде болған жер сілкінісі салдарынан 1651 адам қаза тауып, 11 мыңнан астам адам жараланған және көптеген үйлер қирады. Сейсмикалық толқындар жеткен көршілес Сирияда құрбандар саны 960-тан асты.