
ӨР Табиғи ресурстар министрлігінде ЮНЕСКО-ның Ташкенттегі өкілдігінің басшысы Сара Ношадимен кездесу өтті.
Министрліктің хабарлауынша, Табиғи ресурстар министрлігі мен ЮНЕСКО арасындағы экологиялық білім және табиғи мұраны басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында «жасыл» экономикаға кезең-кезеңімен көшу, цифрландыру жүйесін енгізу, экологиялық білім мен мәдениетті арттыру, қызметкерлер мен мамандардың әлеуетін арттыру бойынша шетелдік тәжірибені пайдаланудың маңыздылығы айтылған.
« Өзбекстанның қоршаған ортасы және табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұлттық баяндаманы әзірлеу, ұлттық экологиялық және табиғи мұралардың тізімдерін жасау маңызды екені айтылды. Осы ретте Ташкентте БҰҰ-ның климаттың өзгеруі бойынша аймақтық кеңсесін ашу туралы ұсыныс жасалды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Арал өңірінде Арал мәдени мұра паркінің инновациялық жобасын жасау, мәдени мұра нысандарына келушілер орталықтарын құру, климаттың өзгеруінің алдын алу бойынша стратегиялық маңызды бағдарламаларды әзірлеу мәселелері де талқыланды.
Ведомство дерегінше, кездесу соңында биылғы жылдың қазан айында Самарқандта өткізу жоспарланып отырған Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін (CMS) сақтау жөніндегі конвенцияның Тараптарының 14-ші конференциясын (COP-14) бірлесіп өткізу туралы келісілген.