Танзанияда тұңғыш рет елді әйел президент басқарады

Танзанияның бұрынғы вице-президенті Самия Сулуху Хасан ел президенті болып ант берді. Ол ел тарихындағы алғашқы әйел президент.
«Мен, Самия Сулуху Хасан, адал болуға, Танзания конституциясын сақтауға және қорғауға уәде беремін», - деген The Citizen газетінің хабарында. Танзания Конституциясына сәйкес, ол елді Магуфулидің 2025 жылы аяқталуы керек болған екінші бес жылдық президенттігінің қалған кезеңінде басқарады.
17 наурызда Танзания президенті Джон Магуфули 61 жасында қайтыс болды. Ол 2015 жылдан бері президент лауазымында жұмыс істеп келген болатын.
Ресми хабарламада, Магуфулидің өлімі жүрек талмасынан болған. Алайда, Financial Times газетінің мәліметіне қарағанда, ол коронавирус жұқтырған және ақпан айының соңынан бері көпшілік алдында көрініс бермеген. Ол алдымен Конгода, содан кейін Үндістанда емделгені айтылады.