English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
СҰЛТАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫРЫҚ УӘЗІРІ
11:21 / 2021-01-10

Өзбек халық ертегілерінен

Герат сұлтаны Хұсейін Байқараның қырық уәзірі болыпты. Уәзірлер арасында алауыздық жайлап, жік-жікке бөлініп, арандатушылықпен айналысып, бір-бірімен қырық пышақ болып жатады екен. 

Ұлы шайыр Әлішер Науаи де сұлтан уәзірлерінің бірі ретінде қызмет еткен көрінеді. Бірақ ақылымен ерекшеленетін Әлішерді ұнатпай, әріптестері ол туралы неше түрлі өсектер таратады. Сондай өсектердің біріне сеніп қалған сұлтан Науаиді уәзірліктен босатып, патша сарайынан қуады. 

Бір жолы жұмсақ төсекте жатқан Хұсейін Байқара төбеге қараған күйі, патшаның қандай тапсырмасы болса орындауға дайын тұрған уәзірлеріне қарата:

- Әкеліңдер! - деп айғайлайды.

Түкке түсінбеген уәзірлер тыпырлап, ойларына алғаш түскені сол болып, жақын арада тұрған қорқорды ұсынады. Қорқорды қажетсінбей итеріп тастаған Хұсейін Байқара одан да қатты айғайлайды:

- Әкеліңдер!

Уәзірлер ас үйге қарай жүгіреді. Күміс пен алтыннан жасалған ыдыс-аяқтарға салынған тамақтың неше түрі жеткізіледі. Бірақ сұлтанның қарны аш емес еді.

- Әкеліңдер! - деп енді ол бұл жолы қатты ренжіп айтады. Әбден сасқан уәзірлер қолдарына түскен затты билеушілеріне әкеле бастайды. Не әкелсе де қажетсіз зат болып шығады. Сұлтанның ойында не бар екенін ешкім таппай дал болады. 

- Әкеліңдер! 

Кешке дейін сарайда жүгіріс тоқтамады. Уәзірлер сүріне шаршады. Барлығын байқап көрді, ештеңе шықпады. Не істеу керек екенін білмей, есік алдында топырлап тұрып қалады. Ақыры болмаған соң, араларынан жүрек жұтқан біреуі шығып, Хұсейіннен сұрайды:

- Әміршіміз! Әкеліңдер деген соң біздің әкелмеген затымыз қалмады. Қалауыңыз не екенін таппадық.

- Ойланыңдар. Табыңдар. Таңға дейін уақыт беремін. Ертең жауаптарың дайын болсын. Егер таппасаңдар барлығыңның бастарыңды кесемін! Ойлай алмайтын уәзірлер маған не үшін қажет?  - деп Хұсейін орнынан тұрып, жатын бөлмесіне кіріп кетті.

Уәзірлер кеңес құрады. "Не істейміз, қалай табамыз?" - деп бастары қатады. Ойларына ештеңе келмейді. Сол кезде араларындағы біреуі Әлішер Науаиден көмек сұрайық деген ұсыныс айтады.

- Біз қанша ойлансақ та бәрібір таба алмаймыз. Бұның жауабын тек Науаи табады. Сондықтан біреуіміз Әлішерге барып, содан сұрауымыз керек.

Уәзірлердің арасында кезінде Әлішер Науаимен достық қатынаста болған біреуіне өтініш білдіреді. 

-Тек сенің ғана қолыңнан келеді. Науаимен сөйлесіп, сұлтан жұмбағының шешімін сұра. Болмаса бәріміздің басымыз кетеді.

Уәзір Науаиге барып болған жайды айтып береді.

- Хұсейін мырза төсекте жатып, төбеге қараған күйі "Әкеліңдер!" деп айғалайды. Не қалайтынын білмейміз. Не істеуіміз керек? Ақыл беріңіз бізге. Ертеңге дейін таппасақ, патша бізді өлім жазасына кеседі.

Уәзірді тыңдап болған Науаи былай дейді:

- Патшаға ұстаны ертіп әкеліңдер. Ұста міндетті түрде өзімен арасы мен балтасын бірге ала келсін.

Келесі күні Хұсейін Байқара уәзірлерінен сұрайды:

- Шешімдерің дайын ба?

- Иә, дайын, - деп уәзірлер бір ауыздан жауап беріп, қолына ара мен балта ұстаған ұстаны кіргізеді. Ұстаны көрген Хұсейін Байқара төбені көрсетіп:

- Ана төбедегі ағашты қалпына келтір!

Төбеге қараған уәзірлер сонда ғана түсінеді: сарайдың төбесіндегі бір ағаш жарылған екен.

"Сол екен ғой, Хұсейін мырзаның кеше төбеге қарап жатып, "Әкеліңдер" деп айқайлағаны. Ойымызға да келмепті!"- деп уәзірлер Әлішер Науаидің ақылдылығын іштей болса да тағы бір мойындаған екен. 

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ