English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі шағын құрамда отырыс өткізді
12:57 / 2022-09-16

16 қыркүйекте Самарқанд қаласында Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы жиыны өтті.

Іс-шараға Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Нарендра Моди, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Шахбоз Шариф, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитетінің директоры Руслан Мирзаев қатысты.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес Мемлекет басшылары ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады, өңірдегі саяси және экономикалық жағдайды ескере отырып, өңірлік және халықаралық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Президент Шавкат Мирзияев өз сөзінде Өзбекстанның 2021-2022 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығының қорытындылары туралы ақпарат берді. Атап өткендей, осы кезеңде 80-нен астам ірі іс-шара өткізілді. Пандемияның күрделі салдары мен жаңа қауіп-қатерлерге қарамастан Өзбекстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету жоспары толығымен орындалды.

Самарқанд саммитінде қол қоюға маңызды құжаттар топтамасы – 40-тан астам келісімдер мен шешімдер ұсынылды. Олар ШЫҰ елдерінің өзара тәуелділікті нығайту, өнеркәсіптік кооперация, «жасыл» экономика, цифрландыру, сауда сияқты аса маңызды және перспективалық бағыттардағы ынтымақтастыққа жалпы көзқарастарын көрсетеді.

Мемлекет басшысы ШЫҰ тарихи қысқа мерзімде өңірлік және жаһандық үдерістердің ықпалды қатысушысына айналғанын атап өтті. Қауіпсіздік пен экономикалық өсудің маңызды факторы ретінде ұйымның тұрақтандырушы рөлі артып келеді.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның блоктарға қосылмау мәртебесін, ашықтық пен кең ынтымақтастық рухын сақтау қажеттігін, ымыраға келу, теңдік пен өзара құрмет қағидаттарын ұстану қажеттігін атап өтті.

Осыны ескере отырып және ШЫҰ аясындағы көпжақты әріптестіктің тиімді тәжірибесіне сүйене, Мемлекет басшысы соңғы жылдардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша басым міндеттерді шешу бойынша нақты ұсыныстар мен практикалық бастамаларды алға тартты.

Атап айтқанда, ШЫҰ қызметін бүгінгі күннің шындығына бейімдеу, экономика, сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық, көлік, экология, мәдени-гуманитарлық байланыстардағы өзара тәуелділікті нығайту мәселелеріне тоқталды. Ауғанстандағы қауіпсіздік пен жағдайды реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сөзінің соңында Президент ШЫҰ-ның болашағы мен елдеріміздің дамуы көбіне ынтымақтастық пен тиімді жұмысқа байланысты екенін атап өтті. «Біз бірлесіп аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті, елдеріміз бен халықтарымыздың дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету үшін ұйымды жаңа биіктерге көтере аламыз», - деді Шавкат Мирзияев.

Жиынында сөз сөйлеген ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелеріне, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Самарқанд саммитінің ерекше тарихи маңызы бар екені атап өтілді.

ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы бақылаушы елдер, құрметті қонақтар, халықаралық және өңірлік ұйымдар басшыларының қатысуымен жалғасты. Саммит мұндай кең форматта – 14 ел басшыларының қатысуымен алғаш рет өтіп отыр.