English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзиёев: Қарақалпақстан «Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Хиуа» дәстүрлі туристік желісіне қосылады
14:52 / 2023-06-13

Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясынан Өзбекстан Республикасы Президенттігіне кандидат Шавкат Мирзиёев 12 маусым Нөкіс қаласында Қарақалпақстан Республикасының сайлаушыларымен кездесті.

Жиынды кандидаттың Қарақалпақстан Республикасы бойынша өкілі Байрамбай Өтемұратов ашты.

Өзбекстан Республикасы Президенттігіне кандидат Шавкат Мирзиёев өзінің сайлауалды бағдарламасы бойынша баяндама жасады.

Кандидат бағдарламасы әртүрлі салаларды қамтитын басымдықтардан тұрады.

Қарақалпақстанда 160 жаңа балабақша салынып, жөндеуден өтсе, 2 мың жекеменшік балабақша ашылуы белгіленген.

- Біз алдағы жеті жылда қосымша 100 мың жаңа студенттік орынды ашамыз. Бұл ретте 30 жаңа мектеп пен 150 мектепке қосымша ғимарат салынып, 350-і күрделі жөндеуден өтеді. Мамандандырылған мектептердің саны екі есеге артып, 32-ге жетеді. Соның салдарынан Қарақалпақстандағы мектептерде 30-35 баладан көп оқитын сыныптар мүлдем болмайды. Қарақалпақстандағы 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруды қолға алдық. Енді алыс және шалғай ауылдардағы балаларымыздың мектепке баруы үшін автобус қызметін бастаймыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Қарақалпақстанда тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық нысандар салуға ерекше назар аударылуда.

Атап айтқанда, ықшамаудандар мен ауылдарда 6 мың шақырым жол мен 150 көпір жөнделеді; 5 мың шақырым электр желісі, 1 мың 350 трансформатор және 10 қосалқы станция жаңартылады; 70 мың пәтерлік 2 мың көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі; Барлық әлеуметтік және мемлекеттік мекемелер мен 17 мың үй шаруашылығында 55 мегаватт күн батареялары орнатылады.

Президенттікке үміткер Шавкат Мирзиёев жаңа оқу жылынан бастап келісім-шарт төлемінің кім төлейтініне қарамастан университетте оқитын әйелдер үшін табыс салығынан босатылатынын мәлімдеді. 

Қарақалпақстанда агротехнологиялар және инженерия саласындағы жетекші шетелдік университеттердің филиалдары, сондай-ақ Нөкісте Цифрлық технологиялар институты ашылады.

– Жалпы, келер жылы Қарақалпақстандағы ЖОО-мен қамтуды 50 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Осы мақсатта шетелде білім алып жатқан жастарымыздың оқуын мемлекеттік грант негізінде Өзбекстанның жоғары оқу орындарына ауыстыру тәжірибесін қолға алмақпыз, – деді үміткер.

Білім саласының негізгі тірегі саналатын ұстаздар мен жаттықтырушылар, университет оқытушыларының қажырлы еңбегі алдағы уақытта да лайықты ынталандырылатыны айтылды.

Шавкат Мирзиёев Ташкентте қолжетімді барлық заманауи медициналық қызметтер Нөкіс қаласында да іске қосылатынын хабарлады.

Онкология және радиология орталығының Қарақалпақстандағы филиалы үшін жаңа корпус салынып, ең заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Оның аумағында науқастардың туыстары уақытша тұратын жатақхана салынады.

– Келесі жылдан бастап Тахтакөпір, Шымбай, Қараөзек, Бозатов, Шуманай, Қоңырат елді мекендерінде ай сайын 200 пайыздық үстемеақы төлей бастаймыз (үстемеақы қазір 100 пайыз болғандықтан, бұл аудандарға дәрігерлер бармай жатыр). Сондай-ақ Қарақалпақстанның алыс және шалғай ауылдарында жұмыс жасайтын барлық білікті медицина қызметкерлеріне 5 миллион сумға дейін арнайы сыйақы беріледі. Қарақалпақстан үшін, халықтың стационарлық емделуіне кететін шығынды табыс салығынан босатсақ, әділдік болады деп ойлаймын. Әлеуметтік есепте тұрған тұрғындар Ташкент қаласына немесе басқа облысқа ордер негізінде емделуге келген кезде әуе және темір жол шығындары толығымен өтеледі. - деді кандидат.

Сонымен қатар, қарақалпақстандық балаларға жоғары технологиялы операциялар үшін демеушілік жасаған кәсіпкерлердің бұл шығындары салық жинау базасынан алынып тасталады.

Шавкат Мирзиёев алдағы жеті жылда жыл сайын 1 мың жас отбасына жастар үшін арнайы тұрғын үй салынып, жеңілдетілген ипотекалық несие берілетінін мәлімдеді.

Ол үшін бірінші кезеңде Ходжелі ауданынан 100 гектар жер бөлініп, бұл жобаға 100 миллион доллар бөлінбек. 

Сондай-ақ, Ходжелі ауданында құрылатын «Жастар әлеуметтік-экономикалық орталығына» еркін экономикалық аймақ мәртебесін беру және жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шартымен кәсіпкерлерге салық және кедендік жеңілдіктер беру жоспарланған.

Бұл Орталықта тек өндіріс орындары ғана емес, кәсіптік оқыту орталықтары, IT-парк филиалы, жобалық кеңселер де орналасады. 

Кандидат «Елликқала», «Қоңырат» және «Мойнақ» аудандарын туризмге мамандандыру, «Төрткөл», «Беруни», «Әмудария», «Ходжелі», «Қанликөл», «Қоңыратта» жол және сауда инфрақұрылымы кеңейтілетінін атап өтті.

Ташкенттен Нөкіске дейін жүрдек пойыз қатынайтыны хабарланды. Нәтижесінде жолаушылардың діттеген жеріне жету уақыты 16 сағаттан 7 сағатқа дейін қысқарады. Ол үшін ұзындығы 465 шақырымды құрайтын «Бұхара-Үргеніш-Хиуа» және 196 шақырымдық «Мискін-Нөкіс» теміржол желілері электрлендіріледі. Бұл жобаға 460 миллион доллар бөлу жоспарлануда.

– Бұл желі іске қосылғаннан кейін Қарақалпақстан дәстүрлі «Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Хиуа» туристік желісіне қосылады. Нәтижесінде шетелдік және отандық туристердің республикада 4-5 күн болуын қамтамасыз етуге, туристік қызмет экспортын 100 миллион долларға (2023 жылы 25 миллион доллар) жеткізуге болады, - деді Шавкат Мирзиёев.

Махалланың қаржылық тәуелсіздігін арттыру бағытында бірқатар жаңашылдық қолға алынатыны айтылды. Осыған орай, халықтан алынатын мүлік және жер салығы бірыңғай мүлік салығына біріктіріліп, халықтан жиналған бөлігі толығымен жергілікті бюджетке аударылады. Демек, Қарақалпақстанда жыл сайын 230 миллиард сум қосымша қаржылар махаллада қалады.

Сондай-ақ мүлік және жер салығы бойынша берешегі үшін 500 миллиард сум өтелетіні жарияланды. (Қарақалпақстанда шамамен 30 млрд. сум).

– Сонымен қатар, махаллалар үшін «Ашық бюджеттің» мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтіп, оған бөлінетін қаржыны 3 есеге арттырамыз. Енді «Ашық бюджет» жобаларының жеңіске жетуі үшін 1,5 мың дауыс жеткілікті және біз жыл соңына дейін осы мақсаттарға тағы 1,2 триллион сум бөлеміз, - деді Шавкат Мирзиёев.

Кездесуде партия өкілдері сөз сөйлеп, Өзбекстан Республикасы президенттігіне сайлауда Шавкат Мирзиёевтың кандидатурасын қолдайтындарын баса айтып, өзгелерді де соған шақырды.

З.ЖАНИБЕКОВ, ӨзА