English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Шавкат Мирзияев Науаи халық депутаттары облыстық Кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты
15:42 / 2022-11-25

Науаи қаласында халық депутаттары облыстық Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті.

Оған Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев қатысты.

Мемлекет басшысы сөзінің басында өңір халқына зор құрметін білдіріп, сессияны ашық диалог стилінде өткізуді ұсынды.

– Бүгінгі кездесудегі ең үлкен мақсатымыз – ашық пікір алмасу. Науаи облысындағы 330 ауданның 1 миллион 50 мың тұрғынының мәселесінің шешімін табуымыз керек. Құрметті депутаттар, зиялы қауым, ұл-қыздарым, көңілгеді сөздерді, аудандағы мәселені ашық айтсаң маған дос боласыздар. Барлық мәселенің шешімін халқымызбен ақылдаса отырып тапсақ, нәтиже болады. Осы кездесуге менің де көңілім толсын, халқымыз да разы болсын, – деді Шавкат Мирзияев.

Кездесуде Науаи аймағының қазіргі даму жағдайы сараланды. Соңғы үш жылда облыста жалпы құны 2 миллиард долларды құрайтын ірі индустриялық жобалар іске қосылды. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын қосымша 1 триллион сум салық түсімдері мен 100 миллион долларлық экспорт қамтамасыз етілген.

Өңірде экономиканы одан әрі дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар екені айтылды. Мәселен, импорттық өнімді кооперация негізінде жергілікті кәсіпкерлер өндірсе болады. Ауыл шаруашылығында асыл тұқымды мал шаруашылығы желісі толық жүзеге асырылмай отыр. Жеміс-көкөніс қоймасының сыйымдылығы төмен. Әлеуметтік салада да халықты алаңдатып отырған мәселелер бар.

Сессияда ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Президент Науаи облысының әкімі лауазымына кандидат Нормат Турсуновты ұсынды.

Н.Турсунов 1972 жылы Ташкент облысында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік салық жүйесінде қызмет етті. 2021 жылдың қарашасынан бастап Науаи облысының әкімі қызметін атқарып келеді.

Мемлекет басшысы кандидатты лауазымға бекітпес бұрын оның жоспарын ашық сөйлесу арқылы тыңдауды ұсынды. Нормат Турсунов өңірде кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғындарға лайықты өмір сүру жағдайын жасау жөніндегі жоспарларымен таныстырды.

Президент бұл ұсыныстарды мақұлдап, оларды жүзеге асыру шараларын белгіледі.

Кәсiпкерлiктi дамыту үшiн келесi жылы 26 жергiлiктi өнеркәсіп орталықтары мен шағын өнеркәсіп аймақтарын құру, отбасылық кәсiпкерлiк бағдарламаларына 600 миллиард сум бөлу мiндетi қойылды. Жалпы, Науаи аймағын «кедейшілік пен жұмыссыздықтан ада аймаққа» айналдыруға болатыны айтылды.

Өнеркәсіп саласында келер жылы 186 жоба жүзеге асырылып, 15 мың жұмыс орнын ашу шаралары қолға алынбақ. Бұл импортты азайтып, экспортты 250 миллион долларға жеткізудің маңызды факторы болады.

«Хатирчи», «Кармана», «Навбахар», «Қызылтөбе» және «Нурата» ауданындағы 72 махалла картоп, көкөніс, жүзім және анар өсіруге маманданған.

Мемлекет басшысы осы мүмкіндіктерді кеңейту үшін мына аудандардың айналасындағы 5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ жайылымдық өсімдіктердің тұқым шаруашылықтарын, каврак плантацияларын, агрологистикалық орталықтарды құру бойынша тапсырмалар берілді.

Әлеуметтік саланы дамытуға, мектеп және балабақшалар ашуға, халықты баспана және ауыз сумен қамтуға баса назар аударылды. Жалпы, 2023 жылы облыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге қосымша 655 миллиард сум, отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға тағы 750 миллиард сум бөлінетіні хабарланды.

Баяндамадан кейін облыстық кеңес депутаттары кандидаттың жоспарын талқылап, өз пікірлерін білдірді. Науаи облысының әкімін тағайындау мәселесі дауысқа салынды. Оның қорытындысы бойынша Нормат Турсунов Науаи облысының әкімі болып бекітілді.

Мемлекет басшысы белгіленген жоспарларды енді жүзеге асыру керектігін, барлық ұйымдар әкімнің айналасына топтасып, халыққа қызмет ету керектігін айтты.