Шанхай қаласының екі әуежайында — Пудун және Хунцяода 15 қыркүйек күні кешкі уақыттағы барлық рейстер «Бебинка» тайфунының жақындауына байланысты тоқтатылған.
«Кешкі сағат 20:00-ден кейін екі әуежайда да барлық рейстер тоқтатылады», — деп хабарлады «Шанхай әуежайы» корпорациясы.
«Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, әуежайлардың қызметінің қайта басталуы туралы шешім ауа райы жағдайына байланысты қабылданады.
Сонымен қатар, Шанхай теміржол вокзалы да кейбір бағыттардағы жолаушылар пойыздарының қозғалысын тоқтатуды жоспарлап отыр. Қала әуежайларының операторы рейстері тоқтатылған жолаушыларға уақытша демалыс аймақтарын дайындап, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
«Бебинка» тайфуны Шанхайдан оңтүстік-шығысқа қарай 350 шақырым қашықтықта. Циклонның орталығында желдің жылдамдығы секундына 40 метрге жетуде. Тайфунның 16 қыркүйек таңында Шанхайдың жағалау маңындағы аймақтарына және шығыс Чжэцзян провинциясына соғуы күтілген.
Қытай орталық метеорологиялық басқармасы тайфунға байланысты ең жоғары қауіпті «қызыл» деңгей жариялаған.