English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіші ашылды
16:56 / 2020-10-15

Қазақтың маңдайына біткен нар тұлға Абай Құнанбайұлының өзі туып өскен өңірдің орталығында ұлдарымен бірге тұрған ескерткіші бой көтерді


Қазақтың маңдайына біткен нар тұлға Абай Құнанбайұлының өзі туып өскен өңірдің орталығында ұлдарымен бірге тұрған ескерткіші бой көтерді.

Ескерткішті Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашқан. «Аkorda» сайтындағы жарияланған ақпратқа сай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады.

Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Бүгін Президент салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орналасқан. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді, делінген хабарда.

2010151310197631g.jpg

Снимок.PNG