Роджер Федерер мансабын аяқтайтынын жариялады

Швейцариялық теннисші Роджер Федерер мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 41 жастағы теннисшінің қыркүйек айында өтетін Лейвер кубогы мансабындағы соңғы турнир болмақ.
«Көпшілігіңіз білесіздер, соңғы үш жылда жарақаттар мен операциялар маған қиындық тудырды. Толық спорттық формаға оралу үшін көп жұмыс жасадым. Бірақ мен өз денемнің мүмкіндіктері мен шегін де білемін», - дейді спортшы.
Тамыз айында Федерер ең көп табыс тапқан теннисшілер тізімінде көш бастады. Ол жарыстардан тыс уақытта 90 миллион доллар табыс тапты.
Роджер Федерер өз мансабында 20 «Үлкен дулыға» чемпионы атағын жеңіп алған. Сондай-ақ 2008 жылғы Олимпиадада алтын медаль, 2012 жылғы ойындарда күміс медальға қол жеткізген.