
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Өзбекстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Жоғары Дәрежелі Достық» ордені салтанатты түрде табыс етілді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев бұл марапатты тапсыру кезінде Қытай Төрағасының халықтарымыз арасындағы көп ғасырлық достық пен жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарын, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге зор үлес қосқанын атап өтті.
Бірлескен күш-жігер мен Қытай басшысының ерекше назарының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынастар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріліп, кемел әрі серпінді болғаны атап өтілді. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты ауқымды бағдарламалар мен жобалардың белсенді түрде жүзеге асырылып жатқаны көрсетілді.
Си Цзиньпиннің Өзбекстан Республикасының жоғары наградасымен марапатталуы оған халықаралық деңгейдегі мемлекеттік және саяси қайраткер ретіндегі терең құрметтің көрінісі болып табылады.
Қытай Төрағасы «Жоғары Дәрежелі Достық» орденін алған алғашқы шетелдік Мемлекет басшысы болды.