
Қазақстанда коронавирустың «Британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық» штамдарға ұқсас ықтимал мутация анықталды.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылдың 17 наурызында Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы Алматы қаласы бойынша КВИ-мен ауыратын науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді. Нәтижеде «Британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық» штамдарға ұқсас ықтимал мутация анықталды.
Мутацияны және оның осы штаммдардың біріне жататынын нақты растау толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде айқындалатын болады, делінген хабарда.
Бұған дейін Наурыз мерекесіне орай Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында локдаун енгізілетіні айтылған еді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды мерекелік демалыс күндерін отбасылық ортада ғана өткізуге кеңес беріп, бұқаралық шараларға бармауға және ұйымдастырмауға, адамдар көп жиналған орындарға бас сұқпауға шақырған.
Соңғы дерекке сай Қазақстанда жалпы індет жұқтырғандар саны 229 217-ге жетіп, одан 209 630-ы сауығып шыққан. Өлім саны 2891 құрауда.