
Қазақстан Қарулы күштері кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс – 2023» стартегиялық оқу-жаттығу жиынына сапары кезінде әскери қызметшілермен сұхбатта айттып өткен.
– Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің пікірінше, ел әскері кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.
– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деген Қазақстан басшысы.
«Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуларында мемлекеттік және әскери басқару органдарының қорғаныс операциясын өткізуге дайындығы тексерілген болып, жаттығуларға 8 мың әскери қызметкер мен 600 қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.