Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы 26 қарашада өтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада Қазақстан халқына ант береді.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, кезектен тыс өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі 26 қарашаға белгіленген.
«2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ант беру күні 2022 жылдың 26 қараша болып айқындалсын», - делінген ҚР Орталық сайлау комиссиясы хабарында.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы елдегі президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялап, онда Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс бергенін мәлімдеген болатын.