
24 мамырда Президент Шавкат Мирзияев өңірлерде мектепке дейінгі білім беруді кеңейту мәселелерін талқылауға арналған кеңес өткізді.
Балабақшалар саны соңғы төрт жылда 5200-ден 18300-ге дейін өсті. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту екі есеге көбейіп, 60 пайызға жетті. Мемлекет берген мүмкіндіктер мен жеңілдіктердің нәтижесінде жекеменшік және отбасылық балабақшалар саны да артты. Бүгінгі күні барлық мектепке дейінгі мекемелерде 1,7 млн бала тәрбиеленуде.
Алайда, бұл жұмыс жеткілікті дегені емес. Елдегі 53 ауданда балабақша жетіспейді. Республикадағы бірнеше аудандарында қамту деңгейі өте төмен.
Сондықтан, сыни көзқараста өткен бүгінгі отырыста осы саладағы кемшіліктер сөз болып, оларды жою, мектепке дейінгі біліммен қамту жұмысы мен сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.


Жоғарыда айтылған елдегі 53 ауданда 34 мың балаға арналған 2 мың отбасылық балабақша құру бойынша шаралар қабылданды. Мұндай балабақшаларға қосымша жұмысшылар жалдауға мүмкіндік беріп, қабылданған балалар санын екі есеге арттыру туралы ұсыныс мақұлданды.
Мемлекет басшысы ең бастысы - білім берудің мазмұны екенін баса айтып, отбасылық балабақшаларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді тегін беру міндетін қойды. Ол үшін мемлекеттен жалпы 30 млрд сум бөлінеді және мұндай мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5 пайызға дейінгі мөлшерде 30 миллион сумға дейін жеңілдетілген несие беріледі.
Шалғай аудандардағы мектепке дейінгі білім беруді кеңейтудің тағы бір орынды тұсы - мемлекеттік-жекеменшік серіктестік балабақшалары. Бүгінде мұндай мекемелердегі бір балаға кететін шығынның 50 пайызы субсидияланған.
Жиналыста осы субсидия көлемін 75% -ға дейін арттыру, жеке балабақшалардан электр қуаты мен табиғи газ үшін төлемнің 50% -ын мемлекеттік бюджеттен жабу туралы тапсырма берілді.
Сонымен қатар, пандемияға байланысты толық қуатта жұмыс істемеген мемлекеттік-жекеменшік серіктестік балабақшаларынан алынған несие бойынша негізгі қарызды өтеу мерзімі жыл соңына дейін ұзартылды.
Үкімет жаңа балабақшалар салуды жалғастыруда. 2021-2022 жылдары 23 ауданның шалғай аудандарында 50 мектепке дейінгі білім беру мекемелерін салу жоспарланған. Осы мақсатта ең төменгі қамту деңгейліі және балалар саны 250-ден астам 50 махалла таңдалды.
Президент бұл балабақшаларды шетелдік озық тәжірибе негізінде салуды, оларды заманауи құрал-жабдықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 12 мың қызметкері үшін қысқа мерзімді оқыту және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру жоспарланды.
Өз жұмысына немқұрайлы қарағаны үшін Мектепке дейінгі білім министрінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Министрдің басқа орынбасарлары мен министрліктің барлық аймақтық департаменттерінің басшылары қызметінен төмендетілді. Олардың өз қызметіне лайықты екені алдағы жұмысының тиімділігін талдау негізінде қарастырылатын болды.


